- Барлық ақпарат
Си Цзиньпиннің Бұғаз жастар форумына қатысқан Тайвань жастарына жауап хаты
13 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 11 шілдеде Бұғаз жастар форумына қатысқан Тайвань жастарына жауап хат жазып, бұғаздың екі жағалауындағы жастарды Қытай ұлтының ұлы жаңғыруы туралы Қытай арманын жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге жігерлендірді.
Жауап хат
Бұғаз жастар форумына қатысушы Тайваньдық жас достар!
Сәлеметсіздер ме! Хаттарыңызды алдым. Бұғаз жастар форумының арқасында ішкі құрлыққа бауыр басқандарыңызды, бұл жерден өз армандарыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орта тауып, отанымыздың қарқынды дамуы мен өзгерістерін бастан кешіріп, бұғаздың екі жағындағы бауырластардың ыстық ықыласын сезінгендеріңізді оқып өте қуандым.
Жастар өркендесе – ел гүлденеді, жастар мықты болса – ел мықты болады. Отанның, ұлттың болашағы жастардың қолында. Біз қашан да бұғаздың қос жағалауындағы жастардың бір-бірінен үйренуіне қолайлы жағдай жасап, Тайвань жастарының ішкі құрлықта оқуына, жұмыс істеуіне, кәсіп ашуына және өмір сүруіне тиімді ахуал қалыптастырамыз. Ішкі құрлықтағы тәжірибелеріңіз бен ойларыңызды Тайвань жастарымен бөлісесіздер деп үміттенемін. Сонда Тайвань жастары ішкі құрлықты терең түсініп, замандастарымен ниеттес, сапарлас болып, қажымай, талмай бірге жұмыс істей алады. Осылайша Қытай ұлтының ұлы жаңғыру арманын жүзеге асырудың ізгі сапарына жастық көктемінің жарқын іздерін қалдырады.
Си Цзиньпин
2022 жылдың 11 шілдесі
2003 жылы құрылған Бұғаз жастар форумы Бүкілқытайлық жастар одағы, Тайвань-Қытай жастар алмасу қауымдастығы, Қытайдың Гоминьдан жас жұмысшылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған бұғаздар арасындағы жастар алмасуы үшін маңызды алаң болып табылады. Шілденің 11-12-сі аралығында Фуцзянь өлкесінің Сямэнь қаласында 20-сыншы бұғаз жастар форумы өтті. Осы шараға қатысуға шақырылған 50 тайваньдық жастар жақында Төраға Си Цзиньпинге хат жолдап, оқу, жұмыс және тұрмыс жағдайын баяндап, Отанымыздың бірлігі мен ұлттың жаңғыруына өз үлестерін қосуға бекінген мақсаттарын білдірген болатын.
people.cn © People's Daily Online