Мұратбек Тесебайұлы өмірден озды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 18 шілде
Мұратбек Тесебайұлы өмірден озды

Аға диктор, танымал журналист, ақын Мұратбек Тесебайұлы 2022 жылы 15 шілде күні Үрімжі қаласында 83 жасында өмірден озды.

Мұратбек Тесебайұлы 1939 жылы 15 желтоқсанда Шыңжаңдағы Алтай аймағының Жеменей ауданында дүние есігін ашқан. 1957 жылы маусымда Шыңжаң халық радио станциясына қызметке орналасады. 1975-1980 жылдар аралығында Шыңжаң халық радио станциясының қазақ тіліндегі радиосының дикторлар бөлімінің бастығы, 1980 жылдан 1981 жылға дейін, Шыңжаң халық радио станциясы қазақ тілі редакциясының орынбасар меңгерушісі, 1981-1990 жылдары Шыңжаң халық радио станциясы қазақ редакциясының меңгерушісі, 1990-1991 жылдары Шыңжаң ұйғыр автономиялы региондық радио-телевизия басқармасы тәртіптік тексеру комитетінде басқарма дәрежесіндегі тәртіптік тексеру қызметкері, 1991 жылы наурызда Шыңжаң халық радио станциясы бастығының орынбасары сияқты қоғамдық міндеттерді атқарған. 2000 жылы наурызда құрметті зейнетке шықты.

Әуе толқынындағы «Абай», «Қан мен тер», «Жастық жыры», «Құрыш қалай шынықты», «Аш қасқыр» сияқты 50-ге жуық роман, қыруар әңгіме, повесть, өлең-жыр, ақпараттың әр алуан жанрдағы туындылары Мүратбек Тесебайұлының дауысымен ажарланып, қалың тыңдармандар мен көрермендердің көкірегіне ұялады.

Мұратбек Тесебайұлы кәсіби міндетін абыроймен атқара жүріп, өзінен кейінгі жас диктор-жүргізушілерді мамандыққа баулып, тәрбиелеуге де бар зейін-зердесін сарқа жұмсаған сақа ұстаз. Өмір бойы жинаған білімін партия мен үкіметтің ақпарат істері саласына арнады. Мұратбек Тесебайұлының кәсіптік зерттеуге ден қойып, түрлі басылымдарда жазып, жариялаған «Дикторлықты түсіне білейік», «Дикторлықтағы кінәраттар», «Сөз өнерін сөз етсек», «Даму үстіндегі қазақ радиосы» сияқты ғылыми мақалалары кейінгі толқын журналистердің бағдаршамына айналып, баға жетпес үйрену материалы болып қалды.

Мұратбек көркем әдебиетте де қонысы мен өрісі қатар жүрген қарымды қаламгер еді. Ақынның қазірге дейін 50 шақты өлеңі, 4 әңгімесі жарық көрді. 10-ға жуық мәтінін жазған әндер халқымыздың рухани қорына қосылды. «Дариға-ай», «Алтын бесік туған жер» сияқты шынайы сезімнен туған сазды дүниелері байтақ даламызды шарлап, жұртшылықтың сүйсініп тыңдайтын әсем әуеніне айналды. Майталман журналистің әдеби редакциялап, өңдеуімен радиоға берілген 30-ға жуық хабар, мақала, очерктері автономиялы региондық және мемлекеттік сыйлықтарға ие болды. Мемлекеттік радио-телевизия бас мекемесі және Қытай ақпараттық қоғамы тарапынан радио-телевизия саласында көп жыл еңбек сіңіргендерге берілетін Даңқ куәлігінің иегері атанды.

Аға диктор Мұратбек Тесебайұлы кезінде Қытай радио-телевизия ғылыми қоғамының мүшесі, Шыңжаң радио-телевизия ғылыми қоғамының тұрақты сарапшысы, Шыңжаң ақпараттық қоғамының мүшесі, Шыңжаң қазақ тіл-мәдениет қоғамының мүшесі, Шыңжаң шетелдермен мәдениет алмасу қоғамының сарапшысы, Шыңжаң дикторлар ғылыми қоғамының төраға орынбасары, құрметті төраға орынбасары, дикторларға жоғары ғылыми атақ беретін автономиялы региондық комиссия мүшесі болды. Марқұмның есімі мен еңбектері «Қытай мамандар сөздігі», «Қытайдың осы заманғы диктор, жүргізушілер сөздігі» сияқты көлемді еңбектерге енді.

Туған халқының мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, көңілі көл, жаны жайсаң ардагер азаматын қалың қауым мәңгі есте сақтайды.  

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото