ДДСҰ маймыл шешегінің өршуін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 25 шілде
ДДСҰ маймыл шешегінің өршуін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір 75 елде аталған ауруға 16 мыңнан астам адам шалдығып, 5 адам көз жұмған.

«Біз аз зерттеген бұл дерт бүкіл әлемге тез тарап кетті. Сондықтан маймыл шешегі жаһандық қоғамдық денсаулық сақтаудағы төтенше жағдай деп есептеймін», - деді ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус.

Қазір ДДСҰ індетті жаһандық денсаулыққа қауіп ретінде қарастырады, сондықтан вирустың одан әрі таралуын және ықтимал пандемияның алдын алу үшін келісілген халықаралық әрекет қажет.

Қауіптің бұл деңгейі елдердің үкіметтеріне міндетті талаптар қоймайды, бірақ шұғыл әрекетке шақырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзіне мүше мемлекеттерге тек нұсқаулар мен кеңес бере алады және жаһандық денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайлар туралы хабарлауға міндетті.

ДДСҰ бағалауы бойынша, маймыл шешегінің таралу қаупі жаһандық деңгейде орташа. Ал Еуропа жерінде қауіп жоғары болып отыр.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото