- Барлық ақпарат
Си Цзиньпин АҚШ Президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлесті
29 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- 28 шілде күні кешке Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ Президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлесті. Екі мемлекет басшылары Қытай-АҚШ қарым-қатынастары мен екі тарапты толғандыратын мәселелер бойынша ашық сөйлесіп, пікір алмасты.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин былай деп атап көрсетті: «Қазіргі уақытта дүниежүзілік толқулар мен өзгерістердің қос тенденциясы жалғасуда және даму мен қауіпсіздік сынды екі негізгі мәселе үнемі алға шығып отыр. Әлемнің қазіргідей аласапыран жағдайында халықаралық қауымдастық пен бүтін ел Қытай мен АҚШ-тың әлем бейбітшілігі мен қауіпсіздігін сақтауда және жаһандық даму мен өркендеуде сындарлы бастамашылық етеді деп күтеді. Бұл екі ірі мемлекет - Қытай мен АҚШ-тың жауапкершілігі».
Си Цзиньпин: «Қытай-АҚШ қарым-қатынастарын стратегиялық бәсекелестік тұрғысынан қарастыру және анықтау, Қытайды ең маңызды қарсыласы және ең күрделі ұзақ мерзімді сынақ ретінде тану - Қытай-АҚШ қарым-қатынастарын қате пайымдау және Қытайдың дамуын дұрыс түсінбеу. Бұл жағдайдың орын алуы екі ел халқы мен халықаралық қауымдастықты адастырады. Қос тарап барлық деңгейдегі байсалды қатынастарды сақтап, орныққан байланыс арналарын тиімді пайдаланып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуы керек. Қазіргі әлемдік экономикалық жағдай сын-қатерге толы. Қытай мен АҚШ макроэкономикалық саясатты үйлестіру, жаһандық өнеркәсіптік және тасымалдау жүйесінің тұрақтылығын сақтау, жаһандық энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыру сияқты маңызды мәселелер бойынша өзара байланысты тереңдетуі керек. Ережеге қарсы тұрып, сабақтастықты үзу АҚШ экономикасын құлдыратумен қатар, әлемдік экономиканы да әлсіретеді. Екі жақ орын алып отырған аймақтық күрделі мәселелерді бәсеңдетуге жәрдемдесіп, әлемді індеттің құрсауынан тезірек айықтырып, экономикалық стагфляция мен шегіну қаупінен шығу міндетін жұмыла атқаруы тиіс. БҰҰ өзек еткен халықаралық жүйе мен заңнама негізіндегі халықаралық тәртіпті сақтауы керек», - деп атап көрсетті.
Си Цзиньпин Қытайдың Тайвань мәселесіне қатысты принципі мен ұстанымын баса айтты. Си Цзиньпин: «Тайвань мәселесінің тарихы анық, Тайвань бұғазының екі жағы бір Қытайға тиесілі деген ақиқат пен қазіргі жағдай айдан анық. Қытай-АҚШ бірлескен үш коммюникесі- екі жақтың саяси уәдесі. Ал бір Қытай принципі Қытай-АҚШ қарым-қатынасының саяси негізі болып табылады. Біз «Тайвань тәуелсіздігі» деп бөлшектеушілік пен оған сыртқы күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсымыз және әр қандай сипаттағы «Тайвань тәуелсіздігі» күштеріне орын жоқ. Қытай үкіметі мен Қытай халқының Тайвань мәселесіне қатысты ұстанымы ортақ. Қытайдың ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын табанды түрде қорғау 1 миллиард 400 миллионнан астам Қытай халқының нақты ниеті. Халық тілегіне қиянат жасауға болмайды. Отпен ойнағанның қолы күйеді. АҚШ тарапы мұны анық білсе деп үміттенемін. АҚШ үкіметі сөзінде де, әрекетінде де бір Қытай принципін ұстанып, Қытай-АҚШ бірлескен үш коммюникесін орындауы керек»,-деп атап көрсетті.
Джо Байден: «Бүгінгі әлем шешуші кезеңде тұр. АҚШ пен Қытай ынтымақтастығы екі ел халқына ғана емес, басқа елдерге де тиімді. АҚШ-тың Қытай тарапымен бірге салмақты пікір алмасу мен өзара келісімді сақтап, негізсіз әрекеттерді болдырмауға, мүдделер тоғысатын салаларда ынтымақтастыққа ұмтылып, келіспеушіліктерді дұрыс басқаруды көздеуін күтемін. Мен АҚШ-тың бір Қытай саясатына қатысты көзқарасының өзгермегенін және өзгермейтінін, АҚШ-тың Тайвань «тәуелсіздігін» қолдамайтынын тағы да еске салғым келеді», -деді.
Екі мемлекет басшылары Украина дағдарысы жөнінде де пікір алмасып, Си Цзиньпин Қытайдың ұстанымы мен принципін қайталап айтты.
Екі мемлекет басшылары бұл жолғы телефон арқылы сөйлесу ашық әрі терең болды деп санап, өзара байланыста болуға келісті және қос тараптың жұмыс топтарына осы мақсаттағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жалғастыруды тапсырды.
people.cn © People's Daily Online