Ван И Тайвань бұғазындағы жағдайдың жаңа тенденцияларына қатысты «үш қырағылықты» ұсынды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 11 тамыз
Ван И Тайвань бұғазындағы жағдайдың жаңа тенденцияларына қатысты «үш қырағылықты» ұсынды

11 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Жақында Қытайдың Мемлекеттік кеңесшісі және Сыртқы істер министрі Ван И Моңғолия, Корея Республикасы және Непал Сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Тайвань бұғазындағы жаңа ахуалға жауап ретінде Қытайдың ұстанымын түсіндірді.

Ван И АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Қытайдың Тайвань аймағына жасырын сапарының толық саяси арандатушылық екені дәлелденгенін баса айтты. Бұл әрекет Америка Құрама Штаттары қабылдаған уәделерді елеулі түрде бұзу және Қытай егемендігіне ауыр сұғанақтық жасау. Қытай өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзбаудан бастап, ішкі істерге араласпау жөніндегі халықаралық қатынастардың негізгі нормасын қорғап, Тайвань бұғазының тыныштығы мен тұрақтылығын шынайы сақтау үшін қажетті және табанды қарсылық шараларын қабылдауы керек.

Ван И бұл жасырын сапардың бастан-аяқ саяси қателік болғанын атап көрсетті. Нэнси Пелосидің бұл әрекеті халықаралық қауымдастыққа АҚШ-тың үстемшіл бет-бейнесін анық танытты. Сонымен бірге бұл әр елдің бір Қытай саясатын ұстануға қатысты консенсусын нығайтып, Қытай халқын одан әрі ынтымақтастырып, ұлттық тұтастық сияқты қасиетті парызды бұлжытпай орындауға мүмкіндік береді.

Ван И Тайвань бұғазындағы жағдай әлі де ушығу үстінде екенін, ендеше үш қауіпті тенденциядан сақтану керектігін айтты:

Біріншіден, Америка Құрама Штаттарының сәтсіздікке ұшырағысы келмейтінінен сақ болу. Ол отқа май құю үшін кейбір серіктестерін жинап, аймақтық әскери орналастыруды арттырып, жағдайдың одан әрі шиеленісуіне ықпал етіп, жаңа, үлкен дағдарыстар тудыруға тырысады.

Екіншіден, «Тайвань тәуелсіздігі» күштерінің жағдайды дұрыс бағаламауынан сақ болу. Олар әлдеріне қарамай, сырт күштермен астыртын бірігіп, мемлекетті және ұлтты жіктеу жолында сорақы әрекеттерге барып, одан әрі қателеседі.

Үшіншіден, кейбір елдердегі дұрыс пен бұрысты елемейтін дүрмекке еріп, тіпті мүмкіндікті пайдаланып, саяси спектакльдер көрсетіп, саяси мүддені көздейтін саясаткерлерден сақ болу. Бұл Қытаймен қарым-қатынас жасаудың саяси негізін айтарлықтай бұзады және БҰҰ Жарғысы мен Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықаралық жүйені бүлдіреді.

Ван И сөзін сабақтап былай деді: «Қытай үкіметі «Тайвань мәселесі және жаңа дәуірдегі Қытай тұтастығы» атты ақ түсті кітапты ресми түрде жариялады. Онда Тайвань мәселесінің тарихи жолы және саяси ұсыныстары жан-жақты түсіндірілді. Еңбектің мақсаты ақиқатқа жетіп, әлемге ең әділ үндеу жасау. Біз бейбітшілікті сүйетін және әділеттілікті қолдайтын барлық елдердегі достармен қол ұстасып, Қытайдың ішкі істеріне араласатын барлық жала мен әрекеттерге табанды түрде қарсы тұруға, Тайвань бұғазы арқылы бейбітшілікке нұқсан келтіретін қауіпті шаралардың жолын бөгеп, бір Қытай принципін бірлесіп қорғауға, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын бірлесіп қорғауға және аймақтың тұрақтылығы мен әлем тыныштығын бірге сақтауға дайынбыз. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото