Қазақстандық әуе компаниялары Қытай мен Өзбекстанға рейстер санын арттыруға ниетті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 11 тамыз
Қазақстандық әуе компаниялары Қытай мен Өзбекстанға рейстер санын арттыруға ниетті

Қазақстандық әуе компаниялары Қытай мен Өзбекстанға рейстер санын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңындағы» кезекті жиын әуе тасымалындағы өзекті мәселелерге арналды. Атап айтқанда, басқосуда тұрақты халықаралық жаңа әуе рейстер ашу мен осы орайда туындаған түрлі мәселелер назарға алынды. Оның барысында «Эйр Астана», «SCAT әуе компаниясы» және «Qazaq Air» сынды Қазақстандық авиакомпаниялар өкілдері пандемияға байланысты тоқырауға ұшыраған халықаралық тұрақты әуе желілерін қайта қалпына келтіру және ұшу географиясы аумағын кеңейту барысындағы іс-шараларды атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның халықаралық әуе тасымалы 28 мемлекетке 115 бағыт бойынша аптасына 518 жиілікте орындалады. Әуе қатынасы орнықты жолға қойылған елдер қатарына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Греция, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Аравиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия және Оңтүстік Корея кіреді.

Қазақстандық авиа тасымалдаушылары 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықаралық әуе желілері арқылы 1,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары (0,7 млн).

Тоқтала кететін жайт, Азаматтық авиация комитеті отандық әуе тасымалдаушы компанияларға ұшу географиясы аумаған кеңейтуді талап етіп отыр. Қазіргі күнде бұл тарапта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Пәкістанмен әуе қатынасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ сұраныстың артуына байланысты Қазақстан, Өзбекстан және Қытайдың бірқатар қаласына жаңа бағыттар ашу көзделіп отыр. Десе де жолаушылар сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр. Мәселен, карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде Қытайға аптасына 3 рейс қана жасалады. Ал пандемияға дейін 40-тан астам әуе тасымалы жүзеге асырылатын. Өз кезегінде сұраныстың артуы билет бағасына да өз әсерін тигізуде.

«Біз Қытайдың азаматтық авиация билігіне рейс санын арттыру бойынша бірнеше рет сұраныс хат жолдадық. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттары мен рейстер санын көбейту бойынша өзбекстандық әріптестерімізге де ұсыныс білдірдік. Жуық арада Қытай, Өзбекстан және Пәкістанның авиация билігіне аталған мәселелерді жедел шешуге ықпал етуді қайта сұрайтын боламыз», – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото