«Әніммен Қазақстан мен Қытай арасындағы достық көпіріне әрі қарай дәнекер болғым келеді» -- Алинұр Алибиұлы

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 14 қыркүйек
«Әніммен Қазақстан мен Қытай арасындағы достық көпіріне әрі қарай дәнекер болғым келеді» -- Алинұр Алибиұлы

14 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- Бүгінде «Жібек жолы бұлты» қытайша ән байқауы қазақ және қытай тілдерін білетін талантты ән әуесқойлары үшін тағы бір өзін көрсете алатын мүмкіндік сахнасына айналды. ҚХР-ның ҚР-ындағы Елшілігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Жібек жолы бұлты» атты қытайша ән байқауында ересектер арасында бас бәйгені еншілеген Алинұр Алибиұлы талантты жастардың бірі.

Қазақстанның Тараз қаласында туған Алинұр Алибиұлы қазақ, қытай, орыс, ағылшын тілдерін жақсы біледі. Алинұр Қытайдың Шанхай қаласындағы Тонжи университетінде Конфуций институтының стипендиясымен баклаврды аяқтап, қазір Шанхай университетінде «Бір белдеу бір жол» грантымен аспирантурада оқып жүр.

Бала күнінен қытай фильмдерін көріп өскен ол 15 жасында интернеттен үйренген «Сәлем» деген жалғыз ауыз қытайшасымен Қытайдың солтүстік-батысындағы Үрімжі қаласына жолға шығады. Алғашында Қытай тілін үйрену қиын болғанымен, тіл меңгеруге талапты жас аз уақытта қытайша қарапайым тілде сөйлесе алатын болды.

Қытайда қазақстандық әнші жігіт деп таныла бастаған Алинұр Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған «Жібек жолы бұлты», «Қытайдың жаңа әні», «Қытайды жырлайық», «Тонжи университетінің он жұлдызы» сынды ән байқауларына қатысады. «Dragon теледидарының» бағдарламасында ән айтып, тыңдармандарымен кездесу өткізеді. Ол Қытайда қатысқан жобаларында қазақша ән айтқан кезін еске алып, «Демалыс күндері Шаңхайда гитарамды көтеріп көшеде ән айтатынмын. Кейде көшеде ән айтып тұрған қытайлық азамаматтарды көрсем мен бір ән айтып берейін деп сұранатынмын. Қазақша әндерді орындағанда тыңдармандар көбейе бастайтын. Көрермендер «сазы қандай әдемі, құлаққа жағымды» екен деп бағасын беріп, түсірген видеоларын тик-ток, вичат, вейболарға салып жіберетін. Кейін университетте немесе көшеде жүрсем «мынау қазақстандық әнші бала ғой» дейтін сөздерді еститін болдым. Қытай халқы әнді қай тілде орындауыңа қарамайды, олар тек өнерді бағалайды. Оның бір дәлелі Димаш Құдайбергеннің Қытай сахнасында ән шырқауы» деді Алинұр онлайн «Халық Газеті» тілшісінің сұхбатын қабылдағанда қуанышын жасыра алмай.

Алғаш Шыңжаңдағы Үрімжі қаласына ат басын тіреген Алинұрға туған жері Тараз 2000 жылдық тарихы бар байырғы қала болғандықтан шығар, Үрімжі өте заманауи көрінді. Бұрын Джеки Чанның киноларынан қытайлықтардың ұзын костюм киіп жүргендерін көріп өскен оның ойында Қытай байырғы дәстүрді ғана ұстанған ел болып елестейтін. Алинұр Қытай елін өз көзімен көргеннен кейін ғана оның ежелгі дәстүр мен заманауи өмір салтын тең сақтап, меңгерген әлеуетті ел екен таныды. Алинұр отандастарына үнемі «Қытай туралы естіп қана емес, барып көріңдер» деп айтамын дейді. Сөз арасында ол қытайлықтардың еңбектеген жасынан, еңкейген кәрісіне дейін үйренуге құштар, рухы берік халық екендігіне тәнті болғанын білдірді.

Сабақтан тыс уақытта саяхаттауды ұнататын Алинұр көп елде болған екен. Соларды салыстыра келе қытайлықтар қазақ мәдениетін жақсы түсінетінін байқайды. Ол: «оны күнделікті өмірден байқауға болады. Мәселен, мен ән байқауына қатыссам, ұйымдастырушылар сұрамай-ақ қазақтың тағам мәдениетінен хабардар екенін білдіріп, бір мен үшін арнайы ас дайындап жатады. Сыныптастарым да солай, бас қосу бола қалса, арнайы қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін дәмханаларды іздестіре бастайды. Ал біздің дәстүрлі мейрамымыз Наурызда достарым мен ұстаздарым мені мерекемен құттықтайды»,- деді.

Алинұр «Бір тіл білсең бір адамсың» деген орыс мақалын келтіріп, қытай тілін үйрену оған тағы да бір жаңа серпін сыйлағанымен бөлісті. Ол негізінен Қытайдың барлық қалаларын аралап көрген, солардың ішінде студенттік күндері өткен Шанхайды қатты ұнатады. Болашақта мүмкіндіктерге толы Шанхайда жұмыс жасағысы келеді екен.

Қытай мен Қазақстан арасына әнмен рухани көпір орнатқан Димаш Құдайбергеннен кейін тағы да әуенімен екі ел халқының жүрегін тоғыстыруға ұмтылған Алинұр, болашақта бала күнінен аңсаған әнші болу арманына жетіп, «әніммен Қазақстан мен Қытай арасындағы достық көпіріне әрі қарай дәнекер болғым келеді», - деп сөзін аяқтады.

Талабы таудай, ішкі әлемі әдемі әуезге толы жас өнерпазға сәттілік тіледік! 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото