«Қазақстан-Қытай достығының дамып келе жатқанына куә болдым» -- Сәулебек Қабылбеков

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 22 қыркүйек
«Қазақстан-Қытай достығының дамып келе жатқанына куә болдым» -- Сәулебек Қабылбеков

22 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- Жақында Си Цзиньпиннің қазақстандық БАҚ-та жарияланған мақаласында қазақстандық көз аурулары маманы Сәулебек Қабылбековтің 24 жыл бойы Қытайдың Хэйлунцзян өлкесіндегі Дацин көз ауруханасында көз сырқаты бар 200 мыңға жуық қытайлық науқасты емдегені туралы айтылған. Газеттегі мақаланы көргенде 63 жастағы Сәулебек Қабылбеков қатты қуанды.

«Төраға Си Цзиньпиннің сөздері көзіме жас алдырды! Қытайдың мемлекет басшысы мен туралы біледі деп ойламаппын!»-, деді Сәулебек Қабылбеков. Ол сөзін жалғап: «Туыстар араласқан сайын тату, Достар араласқан сайын жақын болсын! Қазақстан мен Қытай арасындағы достық мәңгілік болсын!», - деген тілегін білдірді.

1990 жылдары Сәулебек Қабылбеков Қазақстанның белгілі офтальмологы ретінде Қытайға бірнеше рет шақырылды. Ол тұрмыс пен қызмет барысында Қытайды қатты ұнатып қалады. Содан орайы болса Қытайда жұмыс істеуді армандайды.

1998 жылы Хэйлунцзян өлкесінде Дацин көз ауруханасы ашылады. Белгілі жас маман Сәулебек Қабылбеков ауруханаға техникалық жағынан көмек көрсету үшін келеді. Содан бері осында табаны күректей 20 жылдан астам жұмыс жасап, ауруханадағы беделді шетелдік маманға айналды.

Сәулебек Қабылбеков алғаш рет Дацинге жұмысқа келгенде жергілікті көз аурулары диагностикасы мен емдеу технологиясының әлемдік жетекші деңгейге жетуіне әлі де алшақтықтар бар еді. Аурухана жағдайы салыстырмалы түрде қарапайым болатын. Көктем мен күзде құмды дауыл соғып, қысы ұзаққа созылатын өлкедегі кен орнының мұнайшылары мен олардың отбасы мүшелері көз ауруларына жиі шалдығатындықтан, шұғыл түрде кәсіби емдеу қажет болатын. Сәулебек Қабылбеков бүкіл Дацинді, тіпті Хэйлунцзян өлкесінің батыс қалалары мен ауылдарын аралап, жергілікті тұрғындарға тиісті емдік тексерулер жүргізетін. Медициналық мекемелерге барып ондағы қызметкерлерге арнайы лекциялар оқитын. Мектептерде бастауыш сынып оқушыларымен көз гигиенасы туралы әңгімелесетін.

Сәулебек Қабылбековтің Дацинде жасаған көптеген оталары сол кезде алғашқы рет жасалған еді. Дәрігерлік шеберлігі көпке мәлім болған Сәулебекті науқастар арнайы іздеп келеді. Кейде Сәулебек Қабылбеков күніне 50-ден астам ота жасайды.

Жергілікті науқас Цзи Хуйфанға 1998 жылы Сәулебек Қабылбеков ота жасаған болатын. Ол «20 жылдан астам уақыт өтсе де, көзім әлі күнге дейін өте жақсы көреді. Шетелден келген бұл дәрігерге алғысым шексіз»,- дейді қуанышпен.

Көз ауруларының түрлері көбейіп, науқастардың күрделі жағдайымен жиі бетпе-бет келген Сәулебек Қабылбеков демалыс уақытын өзінің білім алған университеті Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетіне барып, Дацин көз ауруханасы мен Ресей халықтар достығы университетіне техникалық ынтымақтастық туралы ұзақ мерзімді ынтымақтастық келісіміне қол қоюға көмектесу үшін жұмыстар атқарды. С.Қабылбековтің ықпалымен Алматы қаласындағы көз аурулар институтының аға сарапшысы, профессор Попова Лилия Анатольевна және Ресей халықтар достығы университетінің көз аурулар маманы Душин Николай Васильевич 1998 және 2000 жылдары Дацин көз ауруханасында қызмет етіп, аурухананың медициналық деңгейінің әлемдегі жетекші сала әлеуетіне сәйкесуіне үлес қосты.

«Сәулебек Қабылбеков осы халықаралық көз ауруханасы мен солтүстік-шығыс Қытайдың үш өлкесіндегі ең ірі жалғыз көз орталығын дамытуға зор үлес қосты!»,- деді Дацин көз ауруханасының директоры Юй Яогуан.

Сәулебек Қабылбеков мұнайлы қала Дацинге бауыр басып кетті. Ол Қытай елінде отбасын құрып, қызды болған. «Бұл ел - менің үйім, мен бұл жерді қатты жақсы көремін»,- деді маман.

Сәулебек Қабылбеков қазірде Дацин көз ауруханасының қытайлық медицина қызметкерлерімен бірігіп, Қазақстан халқына медициналық диагностикалау мен емдеуді қамтамасыз ететін медициналық топ құруды жоспарлауда.

Сөз соңында С.Қабылбеков: «Дәрігер ретінде мен екі елдің емделушілеріне қолымнан келгенінше көмектесемін. Мен Қазақстан-Қытай достығының дамып келе жатқанына куә болдым. Қытайдың гүлденіп, әлеуетінің нығая түскеніне де куә болдым»,- деді.  

Бұл мақаланың авторы:Бай Юйлань

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото