Қазақстанның астанасында Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған семинар өтті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 29 қыркүйек

29 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- 27 қыркүйек күні Астана қаласында Қытайда оқыған қазақстандық түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қытай Халық Республикасының құрылғанына 73 жыл және Қытай-Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл» толуына арналған семинар өтті.

Шараға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо онлайн режимінде қатысты. Елші өз сөзінде Қытай Халық Республикасы құрылған 73 жылдан бері Қытай Коммунистік партиясы Қытай халқын бастап елдің экономикалық даму қарқыны мен әлеуметтік тұрақтылығы баянды болған екі керемет жетістікке жеткенін атап көрсетті. Әсіресе, Қытай коммунистік партиясының 18-інші мемлекеттік құрылтайынан бері Си Цзиньпин жолдастың ұйытқы болуымен ҚКП Орталық Комитетінің қуатты басшылығымен Қытай тарихи тұрғыдан абсолютті кедейлікті жойып, жан-жақты түрде орташа гүлденген қоғам құрып, Жұңхуа ұлтының ұлы гүлденуін іске асыратын Қытай арманына қадам басқанын жеткізді.

Чжан Сяо «Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдан бері екі ел әрқашан теңдік, өзара сыйластық, тату көршілік пен достық, өзара тиімділік жасап, тең ұтысқа жету рухын ұстанып, түрлі салаларда жемісті нәтижелерге ие болды. Төраға Си Цзиньпин екі апта бұрын ғана Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл індет басталған екі жылдан бергі Қытайдың жоғарғы көшбасшысының алғашқы сапары еді. Осыдан Төраға Си Цзиньпинның Қытай-Қазақстан қарым-қатынасына баса мән беретінін көруге болады. Бұл әрі екі ел қарым-қатынастарының даму тарихындағы маңызды белес. Осындағы көпшілігіңіз Қытай университеттерінде оқыдыңыздар, қытай тіліне жетіксіздер және қытай мәдениетімен де өте таныссыздар. Алған білімдеріңізді қолданып, өз артықшылықтарыңызға толық мән беріп, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының жаңа алтын 30 жылына үлес қосасыздар деп күтемін»-, деді.

Қытайда оқыған қазақстандық түлектер қауымдастығының төрайымы Елеусізова сөз кезегінде «Қытай 73 жылдық дамуды бастан кешіріп, экономикасы жағынан әлемде екінші орынға шығып, қуатты елдердің қатарынан ойып орын алды. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері өткен 30 жыл ішінде екі ел басшыларының стратегиялық басшылығымен екіжақты қарым-қатынастар әлемге үлгі болып, жаңа белестерге үздіксіз көтеріліп отырды. 2013 жылы Си Цзиньпин Қазақстанға сапары барысында Жібек жолы экономикалық белдеуін бірлесіп құру туралы ұлы идеяны алғаш рет ұсынып, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы осыдан басталып, үлкен жетістіктерге жетті»,- деді.

Елеусізова сөзін сабақтап: «Қазақстан жастары қытай тілі мен қытай мәдениетіне аса қызығады. Көптеген орта мектеп түлектері Қытайда оқуды таңдайтын болды. Қазақстан мен Қытай арасындағы түрлі салалардағы тығыз алмасулар арқасында, Қытайда білім алып жатқан түлектердің жұмысқа орналасу кеңістігі кеңеюде. Қазақстан «Жасыл Жібек жолы», «Салауатты Жібек жолы» және «Цифрлық Жібек Жолының» бірлескен құрылысына белсене қатысып жатыр. Біз екі елдің «Білім Жібек жолы» құрылысының ертерек басталуын күтеміз. Өйткені білім - табыс жолын ашудың кілті»,- деп атап көрсетіп, Қытайда оқыған қазақстандық түлектері қауымдастығы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жастар арасындағы алмасуды ілгерілетуге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының атқарушы директорының орынбасары Чэ Фан Қытай мен Қазақстан арасында 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сол жылы екі ел АӨСШК аясында Азия құрлығы қауіпсіздік құрылысын бірлесіп құруды бастады. Бүгінгі семинар өркениеттер арасындағы диалогты және халықтар арасындағы барыс-келісті ілгерілетуге бағытталғанын, бұл АӨСШК жұмысының басты бағытымен сәйкес келетінін жеткізді.

Қытайда білім алып жатқан түлектердің өкілі Елдос, Астана халықаралық университетінің вице-президенті Қайрат Әбдірахманов, «Талап» қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Рахим Ошақбаев және басқа да қонақтар сөз кезегін алды. Олар өз сөздерінде дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері түрлі салалардағы ынтымақтастықта қол жеткізген зор жетістіктерге шолу жасады. Қазақстан мен Қытай арасындағы халықтар бірлігі мен мәдени алмасулардың, әсіресе, жастардың барыс-келісінің көбеюі, тату көршілік және достық қарым-қатынастарды нығайтуда үлкен мәнге ие екендігін жеткізді. Олар бір ауыздан «Біз, жастар, екі ел арасындағы дәстүрлі достыққа мұрагерлік етуге міндеттіміз, әрі оны одан әрі гүлдендіруге тиіспіз»,- деді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото