Екіжақты инвестициялар Қазақстан мен Шанхай арасындағы қашықтықты қысқартуда

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 27 қазан

27 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- 2021 жылдың соңына қарай Шанхай компаниялары Қазақстандағы 19 жобаға инвестиция салды. Бұл ретте Қытай инвестициясының жалпы көлемі 7703 миллион АҚШ долларын құрады. Ал 2021 жылы қазақстандық кәсіпорындар Шанхайда 10 компания ашты. Екіжақты инвестициялардың үздіксіз өсуі Қазақстанға Қытайдың экономикалық орталығына «жақындауды» жалғастыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы жақында Шанхайда өткен Қытай-Қазақстан экономикалық және сауда инвестициялары бойынша семинарда белгілі болды.

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов семинарда сөйлеген сөзінде Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы қазіргі уақытта қарқынды дамып келе жатқанын, ал ынтымақтастық жобалары энергетика саласында ғана емес, өнеркәсіпте, көлікте, логистикада және басқа да салаларда табысқа жеткенін атап өтті. Бас консул Қазақстан Қытай компаниялары үшін біртұтас қатынас көпірі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен Еуропа нарығына шығу үшін тамаша алаң болып табылатынын айтты.

Қытайдағы Kazakhstan Investment компаниясының Қытайдағы бас өкілі Қуаныш Амантай Шанхай кәсіпорындарының өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық ахуалын және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен соңғы саяси шараларды таныстырды. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап қытайлық компаниялардың Қазақстанға инвестициялары тұрақты түрде өсті. Қазір Қытай Қазақстанға ең үлкен экономикалық инвестиция салушы елге айналды.

Рахымжан Рахимов қазіргі уақытта Қазақстанның 13 арнайы экономикалық аймағы мен 24 индустриялық паркі қытайлық инвестициялық компаниялар үшін ыңғайлы әмбебап қызметтерді ұсына алатынын айтты.

Осы уақытқа дейін Қазақстандағы Шанхай компанияларының инвестициялық жобалары негізінен мұнай-газ ресурстарын әзірлеуге, жел энергетикасына, теміржол тасымалына және басқа да салаларға шоғырланған. Шанхай мен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда алмасуларына қатысты сұраныстың өсуін қанағаттандыру үшін, үш ай бұрын Қытай-Еуропа «Шанхай» жүк пойызы бірнеше рет Орталық Азия бағыты бойынша қытайлық кондиционерлерді, тоқыма бұйымдарын, тау велосипедтерін, балалар арбалары мен электр грильдері Қазақстанның Алматы қаласына тасымалдады. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото