ДДҰ маймыл шешегінің атауын mpox деп өзгертті

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 29 қараша
ДДҰ маймыл шешегінің атауын mpox деп өзгертті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл басында қайта өршіген қауіпті вирустық ауру – маймыл шешегіне жаңа атау беру туралы шешім қабылдады. Қазір ДДСҰ mpox терминін (ағылшынша monkeypox, яғни маймыл шешегі) енгізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Бұл шешімді түсіндіре отырып, ДДҰ аурудың дәстүрлі атауы кейде нәсілшілдік және стигматизациялық контексте қолданылғанын айтты.

Ұйым mpox терминін ағылшын тілінде де, басқа тілдерде де қолдануға болатынын хабарлайды.

Жаңа атау ресми түрде ескісімен бірге бір жыл бойы қолданылады, содан кейін оны толығымен ауыстырады.

Маймыл шешегі адамдарда алғаш рет 1970 жылы анықталған. Оның атауы ғалымдардың осыдан 10 жыл бұрын маймылдардан да осыған ұқсас ауруды анықтауымен байланысты.

Осыдан кейін ДДҰ ауруларды атау ережелерін бекітті, оған сәйкес терминдерді таңдау кезінде сауда, туризм немесе жануарлардың әл-ауқаты үшін ықтимал жағымсыз салдарды азайту керек. Белгілі бір мәдени, әлеуметтік, ұлттық немесе этникалық топтарды қорлауы мүмкін атауларды қолдануға тыйым салынады.

Осы жылдың жазында mpox 29 елде, соның ішінде Еуропа, Канада, Австралия және АҚШ-та тіркелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус бұл індеттің ерекше болғанын айтты, өйткені індет эндемиялық болып саналатын Орталық және Батыс Африкадан тыс көптеген елдерде тіркелген.

Алайда, бірнеше ай қатарынан mpox жұқтырғандар саны азайып келеді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото