Еурокомиссия төрағасы: 2023 жылы ЕО-да газ тапшылығы туындауы ықтимал

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 13 желтоқсан
Еурокомиссия төрағасы: 2023 жылы ЕО-да газ тапшылығы туындауы ықтимал

Еуроодақ биылғы қысқа қажетті газ қорын толтырып алды. Алайда келесі жылы газ тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Еуроодақ биылғы жылыту маусымына қажетті газдың қорын жасақтай алды. Дегенмен, келер жылы Ресей газ жеткізілімін толық көлемде жасамаса отынның бұл түрінің тапшылығы қайта туындауы ықтимал. Бұл туралы дүйсенбі, 12 желтоқсан күні өткен баспасөз мәслихатында Урсула фон дер Ляйен Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйеніп мәлім етті.

«Қолға алған шараларға қарамастан, келесі жылы 30 млрд текше метр газ жетіспеушілігін сезінуіміз мүмкін», - деді Еурокомиссия төрағасы.

Фон дер Ляйен пайымынша, Еуроодақ бюджетті қайта қарап, ресейлік газдан түбегейлі бас тарту мақсатында ірі энергетикалық инвестициялар үшін дербес қор құру жөнінде ойлануы қажет. Алайда, бұл үшін ЕО-ға жаңа бірлескен қарызды алудың қажеті бар-жоғын Еурокомиссия төрағасы нақтыламады. Бірақ блок бюджетіне «өзге көздерден қосымшалар» қажет болатынын айтып өтті.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото