Футболдан ӘЧ: Аргентина құрамасы финалда

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 14 желтоқсан
Футболдан ӘЧ: Аргентина құрамасы финалда

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында финалға шыққан алғашқы жолдама иесі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финалдың алғашқы жұбында Аргентина мен Хорватия құрамалары шеберлік байқасты.

Айта кетсек, екі құрама бұған дейін бес мәрте кездесті. Құрамалар екі-екіден жеңіске жетсе, бір ойында тең нәтиже тіркелді.

Хорватия футболшылары 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық сатысындағы топтық кезеңде аталған қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Аргентиналық құрама сол кеткен есені қайтаруға тырысатыны анық еді. Ойын басынан олардың белсенділігі байқалып тұрды. Десе де оған хорватиялық футболшылар лайықты төтеп бере білді.

Ойынның 33-минутында хорватиялық қақпашы Доминик Ливакович өзінің айып алаңында қарсылас құрама футболшысын шалып шықты. Төреші белгілеген пенальтиді Лионель Месси мүлтіксіз орындады. Ал 39-минутта аргентиналық Хулиан Альварес есепті үстемелей түсті.

Екі голдан кейін аргентиналық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Олардың тарапыан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды.

Екінші кезеңде хорватиялықтар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен өздерінің қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Аргентиналық Хулиан Альварес 69-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, кездесу тағдырын ертерек шешіп қойды.

Осылайша Аргентина қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, финалға берілген жолдамаға қол жеткізді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото