Әлемде электромобильдер сатылымы айтарлықтай өсті

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 1 наурыз

1 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- Ұлыбританияның Elsie automotive Market консалтингтік компаниясы мен «Электромобильдер туралы деректер» веб-сайтының алдын ала статистикасына сәйкес, таза электромобильдердің әлемдік сатылымы 2022 жылы 7,8 миллионға жетіп, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 68%-ға өскен. Ал жаңа көліктердің сату үлесі алғаш рет 10% - ға жеткен. «The Wall Street Journal» жаңа көліктердің әлемдік сатылымының жыл сайын 1% - ға төмендеуі аясында электромобильдердің сатылымы айтарлықтай өсімге қол жеткізгенін хабарлады.

Қытай мен Еуропа әлемдік электромобильдер сатылымы қарқынды өсуінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. 2022 жылы Қытайда жаңа энергетикалық көлік құралдарын өндіру және сату тиісінше 7,058 млн-ға және 6,887 млн-ға жетіп, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 96,9% және 93,4%-ға ұлғайып, нарық үлесі 25,6% - ға жетті. Жаңа энергетикалық көліктерді өндіру және сату 8 жыл қатарынан әлемде бірінші орынды сақтап келеді. Олардың ішінде таза электромобильдердің сатылымы 5,365 млн-ды құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 81,6%-ға өсті. 2022 жылы Еуропада таза электромобильдердің сатылымы өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 29%-ға артып, 1,58 миллион бірлікке жетті. Германияда, Ұлыбританияда және Францияда таза электромобильдердің нарыққа ену деңгейі сәйкесінше 18%, 17% және 14%-ға жетті.

Басқа елдер мен аймақтарда да электромобильдердің дамуы жеделдеуде. Өткен жылы Америка Құрама Штаттарында жаңа көліктердің сатылымы 8%-ға төмендеді. Алайда таза электромобильдердің сатылымы өткен жылғы сәйкес мезгілмен салыстырғанда шамамен 66%-ға өсіп, жаңа көліктердің жалпы сатылымының 5,8% -ын құрады. Оңтүстік Кореяның Жер ресурстары және көлік министрлігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Оңтүстік Кореяда жаңа электромобильдерді тіркеу 72,7% - ға өскен. Бразилия мен Чилидегі жаңа электромобильдердің сатылымы өткен жылы сәйкесінше 41% және 106%-ға ұлғайған.

Қазақстанда электромобильдер саны бір жылда 65,4% - ға артып, 812 данаға жетті. Finprom.kz statistics сайтының деректеріне сәйкес, бұл 2017 жылдан бергі алғашқы елеулі өсім. Дегенмен, Қазақстандағы электромобильдер саны әлі де көлік құралдарының жалпы санының 0,02%-ын ғана құрап отыр.

Халықаралық энергетикалық агенттік 2030 жылға қарай электромобильдердің сатылымы әлемдегі көлік құралдарының жалпы сатылымының 20%-дан астамын құрайды және көптеген нарықта зарядтағыштарға сұраныс айтарлықтай артады деп болжайды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото