Қытай мен Орталық Азия бес елінің ай сайынғы импорты мен экспорты алғаш рет 50 миллиард юаньнан асты

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 19 мамыр

19 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Қазіргі уақытта еліміз бен Орталық Азияның бес елі прагматикалық экономикалық және сауда ынтымақтастығын тереңдетуді жалғастыруы арқасында сауданың көлемі мен сапасы артты. 17 мамыр күні Қытай Бас кеден басқармасы жариялаған деректерге сәйкес, Қытай мен Орталық Азия бес елінің осы жылдың алғашқы төрт айындағы импорты мен экспорт көлемі 173,05 миллиард юаньға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға өсті. Оның ішінде сәуір айында импорт пен экспорттың ауқымы алғаш рет 50 миллиард юаньды құрады. Яғни сауда айналымы 50,27 миллиард юаньға ұлғайып, жаңа деңгейге жетті.

Атап айтқанда, алғашқы төрт айда Қытай Орталық Азияның бес елінен 32,45 млрд юань сомасына көмір, шикі мұнай, табиғи газ және басқа да энергия өнімдерін импорттады. Бұл сол кезеңдегі Орталық Азияның бес елінен Қытай импортының жалпы құнының 55%-ын құрады. Металл кенді құмдардың импорты 10,59 млрд юаньға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға артты. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің бай, жоғары сапалы ауыл шаруашылығы ресурстары аталмыш саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге және неғұрлым қолданбалы сипатқа ие болуына көбірек мүмкіндіктер ашты. Сәйкес мезгілде Қытай Орталық Азияның бес елінен 2,58 миллиард юань ауылшаруашылық өнімдерін импорттап, айналым құны 42,9%-ға жоғарылаған.

Экспортқа келетін болсақ, Қытай Орталық Азияның бес еліне механикалық, электротехникалық және еңбеккүшін қажет ететін өнімдер экспортын қатар жүргізді. Алғашқы төрт айда механикалық және электротехникалық өнімдердің экспорты 51,58 миллиард юаньға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,3%-ға өсті. Бұл сол тұстағы Қытай мен Орталық Азияның бес елі экспортының жалпы құнына шаққанда 45,2%-ды құрады. Тоқыма киім, аяқ киім және етік сияқты көп еңбекті қажет ететін өнімдердің экспорты 47,4 миллиард юань болып, 75,2%-ға артып, 41,6%-ды иеленді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер бойынша алғашқы төрт айда Қытайдың жеке кәсіпорындары Орталық Азияның бес еліне импорт-экспорты 110,88 млрд юаньға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64,6%-ға өсті. Көрсеткіш Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы импорт пен экспорттың жалпы құнының 64,1%-ын құрады. Тауар айналымы 10,6%-ға өсіп, сауда қуаты одан әрі артты.

Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы сауданың іркіліссіздігіне жәрдемдесу мақсатында кеден департаменті қазіргі уақытта Қытай мен Орталық Азиядағы көрші елдер арасындағы автомобиль шекараларында жолаушылар мен жүк тасымалдарының қалыпты жұмысын орнықтырып, халықаралық сауданың ресімдеу жағын оңтайландырды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарлары саудасының дамуына жәрдемдесу мақсатында, кеден Орталық Азия елдерінен Қытайға астық, жеміс-жидек, май, сүт өнімдері мен жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерінің және азық-түлік тауарларының экспортына белсенді түрде жәрдемдесуде. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері мен жанама өнімдерді жылдам кедендік ресімдеу үшін «жасыл арнаны» кеңейтуді жалғастырды.

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінде Қытайға экспорттауға болатын 100-ден астам ауылшаруашылық өнімдері және 4000-нан астам мақұлданып, тіркелген кәсіпорындар бар. Кеден Орталық Азия елдеріне ауылшаруашылық және қосымша өнімдерді жылдам кедендік рәсімдеу үшін 8 «жасыл арна» ашып, автомобиль шекараларын толық қамтуға қол жеткізді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото