ДСҰ: Әлемдік тауар саудасы осы жылдың екінші тоқсанында жақсаруы мүмкін

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 1 маусым

1 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Дүниежүзілік сауда ұйымы 31 мамырда дүниежүзілік тауар саудасының 2023 жылдың бірінші тоқсанында баяулағаны, бұл көрсеткіштің екінші тоқсанда жақсару мүмкіндігі туралы мәлімет келтірді.

ДСҰ жариялаған «тауар саудасы барометрінің» соңғы шығарылымы әлемдік тауар саудасындағы негізгі индексі 95,6 екенін көрсетті. Бұл 100 эталоннан төмен болғанымен, осы жылдың наурыз айында жарияланған 92,2 көрсеткіштен сәл жоғары.

Құрамдас индекстердің ішінде автомобиль өнімдерінің индексі 110,8-ге жетіп, тренд деңгейінен жоғары болуды жалғастырды; экспорттық тапсырыс индексі 102,7 болып, тренд деңгейінен сәл жоғарылады; ал шикізат индексі - 99,0. Сонымен қатар, контейнерлік тасымалдау, әуе көлігі және электронды компоненттер индексі тренд деңгейінен төмендеп, әлсіз көрсеткіштерге ие болуда. Есепте оң және теріс көрсеткіштердің аралас келуінің орын алғандығы аталды. Бұл жағдай сауданың қысқа мерзімді перспективаларын болжауды қиындататыны белгілі.

Есепте жақында экспорттық тапсырыстар қалпына келтіріліп, тауарға сұраныс 2023 жылдың екінші тоқсанында артады делінген. ДСҰ-ның дүниежүзілік тауар саудасы 2023 жылы 1,7% - ға өседі деген болжамы орындалады деп күтілуде.

Әлемдік тауар саудасының бағдарлы индексін құру ережелеріне сәйкес, оның анықтамалық нүктесі 100-ге тең мәнді көрсетті. Егер индекс белгілі бір уақытта 100-ге тең болса, бұл әлемдік тауар саудасының өсуі орта мерзімді трендтің күту болжамына сәйкесетінін білдіреді. Ал, 100-ден асатын индекс - осы тоқсанда әлемдік тауар саудасының өсуі күтілгеннен жоғары болатындығының дәлелі. Керісінше жағдайда әлемдік тауар саудасының ахуалы күтілгеннен төмен болатынын көрсетеді.

ДСҰ алғаш рет әлемдік саудадағы беталыс индексін 2016 жылдың шілдесінде жариялады. Ірі экономикалардағы сауда туралы статистиканы жинақтай отырып, болжалды индекс әлемдік сауданың қазіргі қысқа мерзімді даму тенденциясы туралы дабылды хабар жеткізеді. Бұл өз кезегінде сауда саясатын белгілеушілер мен бизнес қауымдастығына халықаралық сауда туралы уақтылы ақпарат береді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото