Қытайдың жаңа энергетикалық көліктеріне Орталық Азияда сұраныс артып келеді

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 27 маусым

27 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- Шетелдік нарықтарда Қытайдың жаңа энергетикалық көліктеріне сұраныс артып келеді. Статистикаға сәйкес, биылдың бірінші тоқсанында Қытайдан Орталық Азия елдеріне автомобильдердің экспорты 500 миллион АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121%-ға өсті. Атап айтқанда, Орталық Азия тұрғындары арасында Қытайдың жаңа энергетикалық автомобильдері танымал.

Қытай сауда министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылы Өзбекстан 2 180 электромобиль импорттады, оның 1 941-і Қытайдан кірген. Осы жылдың алғашқы төрт айының өзінде Өзбекстан 2 544 электромобиль импорттады, оның 2 480-і Қытайдан барған.

Шыңжаң «алтын арнаның» артықшылықтарын көрсетті

Деректер биылдың алғашқы бес айында Шыңжаңның сыртқы сауда импорты мен экспортының жалпы құны 125,06 миллиард юань болғанын көрсетті. Сауда серіктестерінің көзқарасы бойынша Шыңжаңның Орталық Азияның бес еліне импорты мен экспортының құны 100,13 млрд юаньды құрап, өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 99,9%-ға өсті, бұл Шыңжаңның сол кезеңдегі сыртқы сауда импорты мен экспортының жалпы көлемінің 80,1%-ын ұстайды. Өнім тұрғысынан алғанда, электромобильдердің экспорттық құны өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 410,4%-ға өсіп, айтарлықтай өсімге қол жеткізді.

Биылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Шыңжаңдағы Бақты порты барлық түрдегі 9 653 көлік құралын экспорттады, бұл өткен жылдың жалпы жылдық көрсеткішінен асып кеткен. Межеге сәйкес, көлік құралдары партиясы Тяньцзинь портына Оңтүстік Кореядан теңіз арқылы келіп, Бақты шекарасына автомобиль көлігімен жөнелтіліп, содан кейін Қазақстанға экспортталды. Бүкіл жол шамамен 15 күнге созылып, теңіз тасымалымен салыстырғанда тасымалдау уақытының шамамен үштен екісін үнемдеді.

Жаңа энергетика - болашақта автомобиль өнеркәсібінің дамуының маңызды бағыты. Өзінің географиялық артықшылықтарынан басқа, Шыңжаң Үкіметінің батысқа ашықтығы бұрын соңды мұндай қарқынды дамыған емес. Көптеген қытайлық автомобиль компаниясы Шыңжаңда зауыттар салуға шешім қабылдады және Орталық Азия нарығын көздеп отыр.

24 мамырда Shaanxi Automobile Xinjiang Automobile Co., Ltd. жаңа энергетикалық көліктерді шығарудың алғашқы орталықтандырылған офлайн рәсімін өткізді және оларды клиенттерге тапсырды. Компанияның бас директорының орынбасары Ши Синьли көліктер Шыңжаң нарығында сатылып қана қоймай, Орталық Азия нарығында да танымал болып келе жатқанын айтты. Келесі кезеңде біз үлкен жүк көтергіштігі бар энергетикалық жүк көліктерін қолданудың жаңа сценарийлерін зерделеуді жалғастырамыз және сонымен бірге Орталық Азия нарығын кеңейтуді жоспарлап отырмыз деп жеткізді.

Қазіргі уақытта Shaanxi Automobile Xinjiang Automobile Co., Ltd. Шыңжаң базарынан және Орталық Азияның бес елінен 3 446 тапсырыс алып, 2 900-ден астам автомобиль өндірісін аяқтады.

Автомобиль өнеркәсібі Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың маңызды саласына айналды

2022 жылы Chery, Changan және Great Wall үш ірі автомобиль компаниясы қазақстандық Astana Motor Company компаниясымен 1,55 млрд АҚШ долларын инвестициялау туралы келісімге қол қойды; BYD Тайланд зауытынан кейін Өзбекстанда екінші шетелдік зауытты салады... «Бір белдеу, бір жол» бастамасын тереңдетіп жүзеге асырудың арқасында қытайлық автомобиль компаниялары Орталық Азияға инвестиция салып жатыр.

Өзбекстан - Орталық Азиядағы ең ірі автомобиль нарығы және автомобильдерді электрлендіруге көшіп жатыр. Биыл наурыз айында BYD Өзбекстанда брендтер мен өнімдер бойынша алдын ала сату конференциясын өткізіп, үш жаңа модель шығарды. Сонымен қатар наурыз айынан бастап бірқатар дүкен ресми түрде ашылды.

Қазіргі уақытта BYD Өзбекстанда жергілікті жағдайға қарай дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірледі және екі тарап Өзбекстанда жаңа энергетикалық көліктер мен ілеспе бөлшектерді өндіруге назар аудару үшін бірлескен кәсіпорын құрды.

Мамыр айында өткен Қытай-Орталық Азия саммиті кезінде Yutong Bus Қазақстанның тиісті компанияларымен автомобиль өнеркәсібінде таланттарды оқытуды бірлесіп өткізу және автомобиль өнеркәсібінде ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту туралы келісімге қол қойды.

Өнім шығарудан бастап технологиялар шығаруға және қызмет көрсетуге дейін Орталық Азия елдерінде Қытайдың автомобиль өнеркәсібін жергілікті жағдайға бейімдеу біртіндеп тереңдей түсуде.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото