Биылғы Азия ойындарында спортшылар қатысуы жөнінен рекордтық көрсеткіш тіркелді

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 20 қыркүйек

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарында 12 500-ден астам спортшы бақ сынайды. Бұл аталған жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Оған Азия Олимпиада кеңесіне (АОК) кіретін 45 елдің комитеті тіркеген спортшылардың саны 12 500-ден асып түсті. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада 11 300 адам тіркеліп, жаңа рекордтық көрсеткіш орнаған еді.

Ең көп делегация Қытай құрамасы сапында, бұл елден 600-ден астам спортшы жарыс жолына шығады. Одан кейінгі орындарда Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Гонконг құрамалары бар.

Айта кетсек, Азия ойындарында 40 спорт түрінен 61 бағдарламада 483 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар Ханчжоу қаласымен қатар Чжейцзян провинциясындағы 5 қалада (Нинбо, Вэньчжоу, Хучжоу, Шаосин, Цзиньхуа) орналасқан 54 кешенде өтеді.

Жеңіл атлетика құрлықтағы ең танымал спорт түрі болғалы тұр. Мұнда 43 елдің өкілі күш сынасады. Ал бокс, су спорт түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, семсерлесу, киберспорт сынды 11 спортқа 30-дан астам елдің атлеті келуді жоспарлап отыр.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото