Шыңжаңдағы қазақ халқының «материалдық емес мәдени мұрасының» мұрагері

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 27 қыркүйек

27 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- Қазақтың киіз үйлерін малшылар «көшпелі үй» деп санайды. Дәлелхан Хабидешұлы 50 жылдан астам уақыт қазақ киіз үйін жасау дәстүрін сақтап келеді. 2008 жылы қазақтың киіз үй жасау шеберлігі Ұлттық материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. Дәлелхан «киіз үй жасаудың» өкіл мұрагері атанды.

Киіз үйді жасау процесі күрделі және әшекейлейтін жерлері өте көп. Киіз үйдің безендірілуі қазақ халқының табиғи байлықты бағалап, ондағы даналық пен парасаттылықты шығармашылық тұрғыда пайдаланғанын көрсетеді.

«Үйдің қаңқасы қарапайым болғанымен, оның әрбір бөлігі өте ұқыптылықты қажет етеді»,- дейді Дәлелхан. Шебер киіз үйдің шаңырағы мен керегелері үшін жіңішке қызыл талдар, ал есік пен оның жақтауына қарағай керек екенін айтты. Бір-біріне ұқсамайтын ағаштардың иілгіштігі мен төзімділігі де өзгеше. Сонымен қатар, керегені көктейтін жіптер негізінен сиыр немесе түйе терісінен жасалады. Керегенің негізгі ағашы үшін қызыл тал керек. Ал, үйді жасау барысында бір де бір шеге жұмсалмайды.

Дәлелхан ағаштан түйін түйетін шебер. Оның жасаған киіз үйлері әдемілігімен ғана емес, өте беріктігімен халықтың ықыласына бөленіп келеді. Ол: «Жақсы жасалған киіз үйді 30 жыл қолдануға болады»,- дейді.

«Дәстүрлі киіз үй қазақ халқының ғұрыптық ерекшеліктері мен тарихи белестерін қамтып жатыр. «Менен кеңес сұрайтындар күннен күнге көбейіп келеді. Саяхат аумақтарына тігілетін киіз үйлерге тапсырыс та көбеюде. Көптеген қазақ малшылары жайлауда киіз үй тігіп, той-томалақ, ас беру секілді жиындарды өткізеді. Тіпті мереке-мейрамдарда бас қосқанда, киіз үйден ыңғайлы орын болмайды». Сонымен қатар, Шыңжаңның туристік индустриясы дамып, дәстүрлі киіз үйлер көптеген саяхат өңірлерінде тігілді. Бұл Шыңжаңның ішінде және одан тыс жерлерде, тіпті шетелден келетін туристердің дәстүрлі дала тұрмысына деген қызығушылықтарын арттырды.

Қария жетпіске таяса да киіз үй жасау кәсібіне ынталы. «Елде «материалдық емес мәдени мұраны» қорғау мен мұрагерлікке ерекше қолдау көрсетілуде. Көпшіліктің киіз үйге деген ықыласы да жоғары. Денім сау болса, бұл кәсіпті жалғастыра беремін».

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото