Air Astana Қытайдан авиаотын сатып алмақ

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 13 қазан

Air Astana және PetroChina International Kazakhstan стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik.

«Меморандум шеңберінде компаниялар әуекеросинді жеткізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға, инфрақұрылымды құру және халықаралық стандартына сәйкес Jet А-1 авиациялық отынға көшу жөніндегі жұмысты жүргізуге келісті», - делінген хабарламада.

Қазақстанда отынның осы түрі өндірілмейтіндіктен компаниялар сондай-ақ Jet А-1 және экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мәселесін талқылады.

«Отынмен қамтамасыз ету мәселелерінде серіктестеріміздің қолдауы Air Astana-ның одан әрі өсіп дамуына септігін тигізеді. ESG стратегиямызға сәйкес авиацияда инновациялық және экологиялық бастамаларды енгізуге ниеттіміз», - деп мәлімдеді Компания президенті Питер Фостер.

Jet A-1 - IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) стандарттарына сәйкес отын түрі. Jet A-1 әлемдік бренді Қазақстанда қолданылатын ТС-1/РТ маркаларынан өндіріс пен сақтау технологиясы арқылы ерекшеленеді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото