Қазақстандық тілші Г.Раманқұлова: «Бір белдеу, бір жол» жергілікті тұрғындарға жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ұсынады

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 18 қазан

18 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Бүгін Бейжіңдегі Қытай мемлекеттік халық құрылтайы сарайында «Бір белдеу, бір жол» аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі үшінші Форум басталды. Қазақстан ақпарат агенттігінің (Baq.kz) тілшісі Гүлжан Раманқұлова Онлайн Халық Газетіне берген сұхбатында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қатысушы елдерде жұмыс орындарын құрып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Мұнда бәрі әдеттегідей ыңғайлы. Қытай осындай ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға шебер және осы форумға дайындығы 100 пайыз. Журналистерге оңтайлы болу үшін мұнда қажеттінің бәрі бар»,-деді тілші «Бір белдеу, бір жол» форумының баспасөз орталығынан алған әсерімен бөлісу үстінде.

Гүлжан Раманқұлова атап өткендей, Қытай мен Қазақстан тек тату көрші ғана емес, барлық салада ынтымақтасатын серіктестер. «Бір белдеу, бір жол» аясында Қазақстанда 50-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі - қытайлық China glass компаниясы инвестор болған Қызылорда шыны зауыты. «Біз бұл зауытта әйнек жасап жатқанын өз көзімізбен көрдік. Онда 300-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Осындай инвестициялық жобалар арқылы жұмыс орындары құрылып, тұрғындар өз кірістерін арттыра алады», - деді тілші.

Сонымен қатар, Г.Раманқұлова Қазақстанның Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы жел электр станциясының және 2000-нан астам қазақстандық жұмыс істейтін Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауытының жобаларын ерекше атап өтті.

«Қазір біз бұл бастаманың қалай дамып жатқанын, оған қай елдердің бірігіп жатқанын көріп отырмыз. Менің ойымша, «Бір белдеу, бір жол» форумынан кейін әлем бірлескен жобалардың нәтижелерін көретін болады. Тағы көптеген елдер қолдау білдіріп, «Бір белдеу, бір жол» жобасы тек Қазақстан немесе Қытайдың ғана емес, бүкіл әлем экономикасын дамытатын болады», – деп атап өтті тілші Гүлжан Раманқұлова.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото