Қазақстандықтар Қытайдағы Азия пара ойындарының салтанатты ашылуына қатысты

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 23 қазан

22 қазан кешке Қытайдың Ханчжоу қаласында IV Азия пара ойындарының ашылу салтанаты өтті. ҚР Туризм және спорт министрлігінен мәлім еткендей, ойындардың ашылу рәсімінде Қазақстан туын параволейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жанғали Сүйеуов және параүстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы ұстап шықты.

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ойындарға қатысушыларды құттықтап, спортшыларды қолдауға шақырды.

«Пара спортшылардың мұндай ірі додаға қатысуының өзі – үлкен жеңіс. Тағдырдың тосын сынағына сынып кетпей, ерік-жігерінің, спортқа деген құштарлығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр», – деді Ермек Маржықпаев.

Байрақты бәсекеде 131 қазақстандық спорттың 14 түрінен өнер көрсетеді. Ұлттық құрама командасын IV Азия Пара ойындарына шығарып салу рәсімі 13 қазанда Алматы қаласында өткен еді. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото