Қазақстан Қытаймен ынтымақтастығы жайлы «Жаңа алтын 30 жылдық» деректі фильмін ұсынды

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 26 қазан

ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайда 17-18 қазан күндері өткен ресми сапарына орай түсірілген деректі фильмді ұсынады.

«Жаңа алтын 30 жылдық» деп аталатын деректі фильмде ресми сапардың Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзімен басталғаны баяндалады.

Қазақстан Мемлекет басшысының сол күні Бейжің Тіл және мәдениет университетіне барып, оқу ордасының аумағына қойылған ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бюстін ашу салтанатына қатысқаны, сол жерде Ұстазы профессор Лю Шициньмен және оқып жатқан қазақ студенттерімен кездескені де фильмге арқау болған.

Келіссөз барысында еларалық сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланып, нәтижесінде қос тарап маңызды құжаттарға қол қойылған.

Сондай-ақ деректі фильмде ҚР Президентінің қытайдың SINOPEC, YTO Express Co., Ltd, CRRC Сorporation Limited сынды компанияларының басшыларымен жүздесіп, экономикалық байланыстарға баса мән берілгендігіне де назар аударылады.

ҚР Президентінің ресми сапарының басты мақсатының бірі – «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының ІІІ форумына қатысу болған еді. Іс-шара барысында Қазақстан Мемлекет басшысы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салған.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапары барысында Қазақстанның Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарымен шекаралас жатқан Шыңжаң орталығы Үрімжі қаласына да арнайы ат басын бұрған. Фильмде аталған шаһарға сапар аясында Қазақстан Мемлекет басшысының Қытай Коммунистік партиясы Орталык комитеті Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездескеніне, тараптардың сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм тағы басқа бағыттар бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынасын талқылағанына баса мән берілген.

Жаңа «Алтын отыз жылдық» деректі фильмнің көтерер жүгі, айтар ой салмақты. Алдағы 30 жылда экономикалық байланысы мығым, алыс-берісі тұрақты, тату көршілік байланыстары берік Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының алтын дәуірі өтетіндігін меңзеп тұрғандай.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото