ШЫҰ «Туризм жылы 2023» форумы Қытайда өтеді

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 14 қараша

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) форумы — «Туризм жылы 2023» 23-26 қарашада Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионы Үрімжі қаласында өтеді. Бұл туралы Kazinform тілшісіне ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин айтты.

Оның сөзінше, форумға мүше мемлекеттердің туризм әкімшілігінің басшылары, ШЫҰ-ның бақылаушылары мен диалогтық серіктестері, халықаралық ұйымдар, ұлттық туристік компаниялардың басшылары, бизнес-қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысады.

— Пандемия тек ШЫҰ кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлемде туризм саласына үлкен зиян келтіргені сөзсіз. Сондықтан бүгінде бүкіл әлем сияқты біздің алдымызда туризмді жаңғырту міндеті тұр. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер 2023 жылды ШЫҰ-да Туризм жылы деп жариялады. Алдағы форумда біз ШЫҰ кеңістігінде туризм саласындағы шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысты мәселелерді көтеруді жоспарлап отырмыз, — деді Бас хатшы.

Ол Алматы қаласына ШЫҰ-ның 2023-2024 жылдарға арналған мәдени және туристік астанасы мәртебесі берілгенін ерекше атап өтті.

— Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ету аясында ШЫҰ кеңістігінде туризмді дамыту бойынша нақты жоспарларды қарастырды. Жақында Ақтауда халықаралық туристік форумы өтті. Бір сөзбен айтқанда, біз туризмнің жандануына сеніммен және үмітпен қараймыз, — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың шілдесінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету эстафетасын қабылдаған болатын. 

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото