ҚР Премьер-Министрі теміржол жүктерін ресімдеу мен қарау мерзімін қысқартуды тапсырды

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 22 қараша

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды тілші.

Қазақстан Көлік министрі Марат Қарабаев 10 айда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрағанын баяндады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-дан астам жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта теміржол Қазақстан экономикасының экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 8,5%-ға артып, 70,7 млн тоннаға жетті.

Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға артып, 22,5 млн тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға өсті. Есепті кезеңде жолаушылар тасымалының көлемі 2,5%-ға артып, 16,6 млн жолаушыға дейін жетті.

Қазақстан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қазіргі уақытта ҚР көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағыларын жөндеуге, тораптық стансаларды жаңғыртуға, жылжымалы құрамды жаңартуға, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға және т.б. қатысты. Мұндағы ең ірі жобалар - Достық-Мойынты (836 км), Бақты-Аягөз (272 км), Дарбаза-Мақтаарал (152 км) жаңа теміржол желілері және Алматы маңын айналып өтетін жол (73 км).

Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ жаңа жобаларды ескере отырып, отандық экономиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-Министрі теміржол - көлік саласының және жалпы Қазақстан экономикасының күретамыры екенін атап өтті.

Қазақстан көптеген халықаралық бағыттар тоғысатын, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Азия мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі жыл сайын өсе түсуде. Тек қана Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау өткен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22%-ға өсті", - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескере отырып, осы салада инфрақұрылымды дамыту және вагондар паркін жаңарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет.

Ол үшін алдағы 3 жылда жалпы ұзындығы 1 мың км-ден асатын жаңа теміржол тармақтары салынатын болады. Бұл - Достық-Мойынты (836 км), Бақты-Аягөз, Алматы айналма теміржол желісі. Осы аптада біз Дарбаза-Мақтаарал учаскесінің құрылысын бастаймыз", - деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынатынын айтты. Сонымен қатар ​​жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистралды теміржол желілерін жаңғырту жүргізілуде.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде.

Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін "бір терезе" жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс", - деді Әлихан Смайылов.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото