Қазақстан 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға транзиттік тасымалдар көлемін 5 есеге арттыруды жоспарлап отыр

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 6 желтоқсан

Биыл 9 айда автокөлікпен 5.5 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл туралы Қазақстан Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Автокөлік тасымалы – Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына өзіндік септігін тигізетін басты салалардың бірі. Қазақстанда алыс шетелдерге жүк тасымалдайтын 370 отандық компания 7 мың 6 жүз автокөлікпен жұмыс істейді. Тасымалдарды Үкіметаралық келісімдер аясында 42 ел жүзеге асырады. Олардың негізінде жыл сайын 170 мыңға жуық рұқсат беру бланкілері алмастырылады. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артып отыр. Тасымалдағы Қазақстандық операторлардың үлесі 42 пайызды құрайды», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда ондағы өсім 44 пайыз деңгейінде. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есеге өсті.

«Сонымен қатар, сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1 млрд 600 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады. Өз кезегінде еліміз арқылы автокөлікпен тасылатын транзиттік жүк көлемі 1 пайыздан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан, Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі өсімнің сақталуы күтіледі. 2029 жылға қарай транзиттік тасымалдар көлемі 5 есеге артып, 1 млн тоннаны құрайды деген болжам бар. Бұған, биылғы жылы енгізілген визасыз режим және Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік берген жаңа келісім ықпал етеді.

«Бұдан басқа, Қытай тарапы TIR Carnet Еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді. Өз кезегінде Қытай транзитінің болжанып отырған 3 есеге ұлғаюы жыл сайын Қазақстан экономикасына 263 млрд теңгеге жуық қаражат түсуді қамтамасыз ете алады», - деді Сәтжан Аблалиев.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото