Бейжіңде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының келешегі талқыланды

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 11 желтоқсан

Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде «Қазақстан реформалары және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде Қазақстанның өнеркәсіп секторын, транзиттік-көліктік секторын, ауыл шаруашылығын, энергетика мен су шаруашылығын дамытуға қатысты жаңа экономикалық бағыттың негізгі ережелерін атап өтті. Сондай-ақ ол «дөңгелек үстел» қатысушыларын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды.

Ш.Нұрышев 2023 жылғы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының қорытындысын шығара отырып, Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Биылғы жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының ұлғаюы және жүк тасымалы көлемінің артуы байқалды.

Ол екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытудың кең келешегі бар екенін айтты. 2024 жыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы болып жарияланды.

«Келесі жылы біз еліміздің бай туристік әлеуетін таныстыру мақсатында 20-дан астам түрлі іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Елші.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының нәтижелерін талқылап, сондай-ақ Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының кең перспективаларын атап өтті.

Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесі Даму орталығының Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының, Қытай халықаралық мәселелер академиясы Еуразия институтының, Қытай қоғамдық ғылым академисының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің Орталық Азия бөлімшесінің, сондай-ақ Қытайдың қоғамдық және білім беру құрылымдарының өкілдері қатысты.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото