- Барлық ақпарат
Париж Олимпиадасына Қазақстан құрамасы спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия алды
Биыл Франция төрінде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына дайындық қыза түсуде. Жарты жылдай уақыт қалған басты додаға Қазақстан құрамасы қазірге дейін спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия алып үлгерді, деп хабарлайды Kazinform.
Атап айтсақ, қазақстандық спортшылар жаңа жылға дейін садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим және еркін күрес, бокс және спорттық гимнастикадан жолдама жеңіп алды.
Алда Париж Олимпиадасына лицензия тартылатын 90-ға тарта турнир бар. Демек, төртжылдық басты бәсекеге баруға спортшылар алдағы уақытта білек сыбана кірісері даусыз.
Естеріңізге сала кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарында 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері: академиялық есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3x3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таэквондо, ауыр атлетика, футбол, көгалдағы хоккей.
Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындары осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.
people.cn © People's Daily Online