Алматыда Digital Almaty 2024 цифрлық форумы басталады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 2 ақпан

Алматыда Digital Almaty 2024: «Индустрия X: болашақтың цифрлық эволюциясы» цифрлық форумы басталды, деп хабарлайды Sputnik.

Алтыншы форумда цифрлық индустрияның жаңа дәуірін құруға бағытталған тәжірибе мен идеялар алмасу үшін ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекеттік қызметкерлері, жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлер бас қосады.

Форумда 200-ден астам спикер сөз сөйлейді, олар экономиканың және инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолданудағы сәтті кейстерді бөліседі. Үш күн ішінде форумға 30 мыңнан астам адам келеді деп болжанып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, VI Digital Almaty биыл өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және GovTech, Индустрия 4.0, ESG және Smart City салаларындағы инновациялық шешімдер тақырыптарын қамтиды.

Сондай-ақ Industry 4.0 StartupBattle – үздік өнеркәсіптік стартап атағы үшін кең ауқымды күрес, IT-экожүйедегі жобалар туралы тәжірибе мен ақпаратты бөлісетін Қазақстанның ірі жер қойнауын пайдаланушыларының, технопарктердің және технологиялық компаниялардың көрмесін өткізу жоспарланған.

Өткен жылы Digital Almaty форумына 150-ден астам спикер қатысып, цифрлық майнинг, мемлекеттік басқару, криптобиржа, киберқауіпсіздік, білім және корпоративтік инновацияларды талқылады.

Форумның пленарлық отырысына Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің үкімет басшылары қатысты.

Digital Almaty форумын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Алматы қаласының әкімдігіұйымдастырып отыр.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото