Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 8 ақпан

Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Үкіметінің алғашқы кеңейтілген отырысын басқарып сөз сөйледі деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол:«Ең алдымен, ҚР Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновті осы жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтаймын. Үкімет табысты жұмыс істейді деп сенемін. Бүгін біз былтыр атқарылған жұмысты қорытындылаймыз. Сондай-ақ алдағы кезеңнің басты міндеттеріне тоқталуымыз керек»-, деп баса айтты.

Қ.Тоқаев:«Жалпы, өткен жылы Қазақстан экономикасы 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, Қазақстанның даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағытта біраз жұмыс істеді. Кеше мен ҚР бұрынғы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім.

Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі»-, деді.

Ол сөзін сабақтап:«Қазақстан 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге, шын мәнінде, сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек.

Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару қажет.

Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Қазақстанды дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн»-,деді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото