Қазақстанда Қытайдың мәдени орталықтары пайда болады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 20 ақпан

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды qamshy.kz.

Аталған келісім Астана қаласында 2023 жылы 24 қарашада жасалған болатын.

Келісімнің мақсаты – мәдени орталықтарды құру, сондай-ақ екі халық арасындағы өзара түсіністікті жан-жақты нығайту және мәдени-гуманитарлық салада тараптар мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынасты, өзара алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу.

«Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық, ғылыми және білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге, туристік әлеуетті дамытуға және мәдениет және өнер қайраткерлерін тарту арқылы екі елдің тарихи-мәдени мұрасын ілгерілетуге және екі елдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға оң серпін береді», делінген құжатта.

Аталған заң жобасы жақын күндері Мәжіліске ұсынылады.

Мәдениет министрлігі 2022 жылы екі мемлекет басшылары Қытай мен Қазақстанда теңдік негізде мәдени орталықтар құру туралы келісімге келгенін нақтылайды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото