Қанат Шарлапаев: Барлаймын деген инвесторға 1,5 млн шаршы шақырым аумақ ұсына аламыз

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 23 ақпан

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тау-кен саласына инвестицияны нығайту мәселесіне арналған форумда геологиялық барлау бағытындағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.

«Біз кейінгі уақытта тау-кен ісінде ашықтыққа қол жеткіздік. 2023 жылы 400 блоктың аумағы геологиялық барлауға ашылды. Аумағын айтсақ, қазір 1,5 млн шаршы шақырым алқап геологиялық барлаушыларға қолжетімді. Бұл бұрынғыға қарағанда үлкен аумақ», - деді министр.

Ведомство басшысы жаңадан ашылатын кеніштерді игеру ісі жаңа стандарт бойынша жүргізілетінін еске салды.

«Одан бөлек Қазақстан тау-кен саласы мен геологиялық барлау ісіне атсалысқысы келетін инвесторларға мүмкіндік беретін реформалар жүргізіп отыр. Тау-кен саласында жаңа кеніштер табылса, олар жаңа стандарттар негізінде игеріледі. Әрине, біз халықаралық стандарттарды сақтаймыз. Біз инвесторлармен «бір тілде» сөйлескіміз келеді. Бұл бағытта жұмысты жалғастыру бізге өте маңызды», - деді Қанат Шарлапаев.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото