Қорғас: Тілекей эфирдегі трансшекаралық электрондық коммерция Қытай өнімдерін Орталық Азияда сатудың мүмкіндігін кеңейтті

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 15 наурыз

15 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- «Қорғас» Қытай-Қазақстан Халықаралық Шекара Ынтымақтастығы Орталығы Иу Халықаралық Сауда қаласында оннан астам блогер қытайлық тауарларды шетелдік желі қолданушыларына TikTok арқылы таныстырды.

Трансшекаралық электрондық коммерция тобының тікелей эфир жүргізушісі Шуақ Тұрғанқызы: «Біздің тікелей эфиріміз негізінен қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Күн сайын таңертең, түсте және кешке үш тікелей эфир көрсетіледі. Бір адамға кемінде 6 сағат уақыт беріледі. Қазіргі уақытта сатылатын ең жақсы өнімдер-шаңсорғыштар мен пештер», - деді.

Шуақ Тұрғанқызының тікелей эфир ұжымындағы 25 адам екі-үштен бірігіп, 8 түрлі санаттағы дүкендерге (желідегі дүкен) жауапты. Олар тікелей эфир арқылы өнімдерді тұтынушылардың нақты уақыттағы сұранысына сай көрсетеді, таныстырады, сынақтан өткізеді. Сонымен қатар онлайн тапсырыс қабылдайды, қораптауға және жөнелтуге жауапты болады.

«Біздің өнімдеріміздің бағасы шетелдегі ұқсас өнімдерге қарағанда тиімді. Логистика тұрғысынан біз Қазпоштамен ынтымақтасамыз. Негізінен сатып алған затты сол күні жөнелтеміз. Тікелей эфир жүргізгеннен бастап шетелдік саудагерлер біздің өнімдерімізді жоғары бағалап жатыр. Сондықтан үнемі тапсырыс беретін тұрақты тұтынушылар көп», - деді Шуақ Тұрғанқызы.

Шәйнек, күріш пеші, ілулі үтіктеу машинасы, электр желдеткіші, блендер.... Он мыңдаған өнімдер тікелей эфирде көрсетіледі және сатылады. 2023 жылы бұл трансшекаралық тікелей эфир тобының Орталық Азия нарығында 3 миллионнан астам жазылушылары болды. Ал тікелей эфирдегі сату көлемі 20 миллион юаньнан асты. Тауарлардың алуан түрлілігі, ыңғайлы трансшекаралық логистика және тікелей эфирдегі электрондық коммерция тиімділігі жүргізушілердің Қытай тауарларын ауқымды сатуының негізгі себебі болып табылады.

Ынтымақтастық Орталығы Қытай мен Қазақстанды қамтиды. Бұл біздің еліміз бен Қазақстан бірлесіп құрған алғашқы трансшекаралық экономикалық ынтымақтастық аймағы. Тек Қытай аймағының өзінде 10-нан астам елден енгізілген тауарларды сататын 1000-нан астам саудагер бар.

Трансшекаралық электрондық коммерциядағы тікелей эфир ұжымы сату бөлімінің басшысы Ұлданай Бектайқызы: «Қазіргі уақытта біз Иу сауда қаласындағы басқа саудагерлерді тікелей эфирде тауар сатуды бастауға шақырдық. Ағымдағы жылдың шілдесіне дейін бүкіл сауда қаласында тікелей эфир ұжымындағы адам саны 200-ге жетеді деп күтілуде», - деп түсіндірді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото