«Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шықты – Мұрат Нұртілеу

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 21 мамыр

Қытай өркениеті мен қазақ елі арасындағы тығыз қарым-қатынастың тамыры терең әрі ұмтылыстары жарқын болашаққа бағытталған. Екі ел қарым-қатынасы туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты деп жазды ҚазАқпарат.

«Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі құрметті Ван И мырзаға және оның ерткен делегациясына Астанаға қош келдіңіздер дей келе, менің шақыруымды қабыл алғаны үшін әріптесіме алғысымды білдіремін. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» демекші, сіздей мәртебелі әрі қадірлі қонағымызға төрімізден әрдайым орын бар. Бүгінде Қытай – саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және технологиялық жетістіктерін әлем мойындаған беделді мемлекет», - деді Мұрат Нұртілеу Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И-мен кездесуден соң БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасай отырып.

Оның айтуынша, Қытайдың халықаралық аренадағы рөлі мен айрықша ықпалы баршаға аян.

«Орталық Азия елдерімен теңдік, ашықтық, өзара сыйластық пен сенім және конструктивтік қағидаттарына сай қарым-қатынас орнатып, олардың егемендігі мен тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына қолдау көрсетуі Бейжіңнің аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қосқан зор үлесі деп білеміз. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай өркениеті мен қазақ елі арасындағы тығыз қарым-қатынастардың тамыры терең әрі ұмтылыстары жарқын болашаққа бағытталған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның саралы саясатының арқасында «Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шықты. Біз тату көршілерміз, дәстүрлі достар және мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктеспіз», - дейді ол.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото