ҚР Президенті ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 21 мамыр

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай дипломатиясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды деп жазды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қытайдың бастамалары жаһандық күн тәртібіне ықпал етеді және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады. Қазақстан Мемлекет басшысы Қытайды тауар өндіру және экспорттау, технологиялық инновация, экономикалық өсім, халықаралық инвестиция және басқа да көптеген салада мойындалған көшбасшы ел ретінде атап өтті.

ҚР Президенті БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы қазақ-қытай қатынастарына жоғары баға берді.

– Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Шын мәнінде, екі ел арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың болашағы зор, – деді ҚР Президенті.

Министр Ван И қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін ҚР Мемлекет басшысына алғыс айтып, Төраға Си Цзиньпиннің ізгі тілегін жеткізді.

Кездесуде сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ үкіметаралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге сәлемін жолдап, оның Астанаға жасайтын алдағы мемлекеттік сапарына үлкен үміт артатынын жеткізді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото