«Қарбыз әжесі» У Минчжу: тәтті жемісті өсірген қажырлы еңбекші

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 19 шілде

19 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- 16 шілдеде Қытай Инженерлік академиясының 94 жастағы академигі У Минчжу өзінің маңдай тері төгілген Шыңжаңның Тұрпан қаласына тағы да ат басын бұрып, жергілікті халықтың қызу қошеметіне бөленді.

У Минчжу әжей қауын алқабында 62 жыл жұмыс істеп, қауынның 30-дан астам түрін өсірген. Ол Альцгеймер сырқатына шалдығып, адам танудан қалса да, қауын-қарбызды ұмытқан емес. Әжей «менің мақсатым-көбірек қауын өсіріп, тәттісін халыққа сыйлау», - дейтін.

1930 жылы У Минчжу Хубэй өлкесінің Ухань қаласында дүниеге келген. Оңтүстік-Батыс ауылшаруашылық институтының бау-бақша шаруашылығы факультетінен жемістер мен көкөністер мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Жас маман Орталық ауылдық жұмыс бөліміне жұмысқа бөлінсе де, өз еркімен Шыңжаңға баруға сұранады.

1950-1960 жылдары У Минчжу және оның әріптестері аптап ыстыққа төтеп, үш жыл бойы Тұрпан ойпатының қауын алқаптарын аралап, 44 сортты сұрыптап, Шыңжаң қауындары үшін алғашқы ресурстық файлды әзірлеп берді.

Асылдандыру жұмысы аса машақатты, бір сортты өсіру үшін 8-10 жылды қажет етеді. Алайда У Минчжу 62 жыл ішінде 30-дан астам сортты өсіріп шығады. Қазір қытайлықтар тұтынатын көптеген қауын мен қарбызды осы әжей баптап шығарған.

«Адамның өмірі қамшының сабындай ғана, өсіруді қалай тездетуге болады?». 1973 жылдан бастап У Минчжу Хайнань аралында «оңтүстікте өсіру» әдісін бастады. 70-ке жеткен кезінде де У Минчжу уақытпен жарысуын тоқтатпады. Жаз бен күзде Шыңжаңда, ал қыста Хайнань аралында тұрды. Бақша өнімдерін өсіру көпшілік үшін жапалы болса, әжей үшін рахат. Ол кісі: «Қауын-менің өмірім. Бір күн қауын атызына бармасам, бір күн баласын көрмеген анадай жайсызданамын», - дейді.

Тәжірибелі бағбанның әлемі өте кішкентай болғаны соншалық, қауынды ғана сыйдыра алды. Алайда, оның талабы таудан да биік, қауынның жыл өткен сайын сапалы бола түсуін тілейді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото