Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағдары бойынша жүкті жедел жеткізу ұйымдастырылды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 7 тамыз

Контейнерлік пойыз рекордтық 5 күнде 4486 шақырымдық жолды жүріп өтті, деп хабарлайды rail-news.kz.

Жүкті жеделдетіп жеткізу сервисі ағымдағы жылдың сәуір айында Хива қаласында Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағдары бойынша жүк тасымалдарын ұйымдастыру және Трансауған бағытын дамыту туралы қол жеткізген уағдаластықтары шеңберінде ұйымдастырылды.

Жүк құрамы Сиань қаласы портындағы қазақстан-қытай терминалынан жөнелтілді. Контейнерлер KTZE Khorgos Gateway Құрғақ портында қайта тиелді және ҚТЖ желісі бойынша Сарыағаш шекара маңы станциясына, одан әрі соңғы нүкте – Орталық Азияның ірі көлік хабы Ташкент станциясына дейін жүруді жалғастырды.

Жүкті тасымалдаудың қысқа мерзімі ҚТЖ-ның Қытайдағы терминалдық мүмкіндіктерін пайдаланудың, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан теміржол әкімшіліктерінің екі елдің шекара маңындағы инфрақұрылымын кеңейту бойынша дәйекті өзара іс-қимылының арқасында қамтамасыз етілді. Технологиялық процестерді реконструкциялау және жетілдіру есебінен Сарыағаш мемлекетаралық түйісу станциясының өткізу қабілеті 50% ұлғайды, ол арқылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы негізгі жүк ағыны өтеді.

Теміржол компанияларының активтерін пайдалана отырып, оңтайлы маршрутты дамыту көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және екі елдің әріптестігін тереңдетуге елеулі серпін береді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото