Си Цзиньпин Хубэй өлкесінің Шиян қаласындағы Даньцзянкоу су қоймасы аумағының экология еріктілеріне жауап хат жазды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 15 тамыз

15 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Екінші ұлттық экологиялық күнге орай, Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас Хатшысы, Мемлекет Төрағасы, Орталық Әскери Комитет Төрағасы Си Цзиньпин Хубэй өлкесінің Шиян қаласындағы Даньцзянкоу су қоймасы аумағының қоршаған ортаны қорғау еріктілеріне жауап хат жазды. Төраға оларды ыстық ықыласпен жігерлендіріп, бүкіл ел бойынша қоршаған ортаны қорғау қызметкерлері мен еріктілеріне шын жүректен құттықтау жолдады.

Си Цзиньпин өз жауабында «Мен соңғы он жылдан бері көптеген азаматтардың су қоймасы аумағында еріктілер тобына қосылып, су қоймасының мөлдір суын шын жүректерімен және сүйіспеншілікпен қорғағанын, су қоймасы аумағындағы судың мөлдір, таудың жасыл, қоршаған ортаның көрікті бола түскенін білгеніме өте қуаныштымын»,- деді.

Си Цзиньпин оңтүстіктен солтүстікке қарай су бұру жобасы жалпы стратегиялық жағдайға, ұзақ мерзімді дамуға және халықтың әл-ауқатына байланысты екенін атап өтті. «Су көздерінің экологиялық ортасын қорғау және тұнық сумен солтүстікті тұрақты қамтамасыз ету әркімнен өз міндетін нәтижелі атқаруды және ұзақ уақыт бойы аянбай еңбек етуді талап етеді. Сіздер ерікті қызмет рухын жалғастырып, адамдарды суды саналы түрде қорғауға, үнемдеуге жетелейсіздер. Жасыл таулары, тұнық суы және таза ауасы бар көркем Қытай жасау үшін бірлесіп жұмыс жасайсыздар. Сіздер адам мен табиғат арасындағы үйлесімді өмір сүруді жаңғыртуға үлес қосасыздар деп сенемін».

2014 жылы оңтүстіктен солтүстікке қарай су бұру жобасының бірінші кезеңі ресми түрде ашылып, Төраға Си Цзиньпин маңызды тапсырмалар берген болатын. Соңғы он жыл ішінде оңтүстіктен солтүстікке қарай суды бұру жобасының ортақ түйініндегі маңызды су көзі ретінде Даньцзянкоу су қоймасы аумағы судың сапасын қорғауды тереңдетіп, кадрлардың көпшілігі, соның ішінде еріктілер, суды бақылау және суды қорғау жұмыстарына белсенді қатысты. Ал Даньцзянкоу су қоймасындағы судың сапасы II санаттағы және одан жоғары стандарттар бойынша тұрақтылыққа жетті. Жақында Хубэй өлкесінің Шиян қаласы, Даньцзянкоу су қоймасы аумағындағы қоршаған ортаны қорғау еріктілері Төраға Си Цзиньпинге суды бақылау және қорғау саласындағы еріктілер қызметі туралы есеп беру хатын жазып, Төраға Си Цзиньпиннің сенімін ақтап, таза судың сапалы резервуарын қорғауға деген берік шешімдерін білдірді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Renato Lu)

Фото