Бейжіңде қазақ-қытай қатынасының болашағы талқыланды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 23 қыркүйек

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньмен кездесті, деп хабарлайды El.kz.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың екіжақты мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің биыл шілдеде Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қос мемлекет басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарының іске асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар алдағы іс-шаралар кестесі бойынша пікір алмасты.

Қазақстан СІМ таратқан мәліметке сәйкес, Елші мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту тұрғысынан екіжақты ынтымақтастықтың жоғары динамикасын, ҚР-ҚХР ынтымақтастық жөніндегі комитет қызметінің осы үдерістегі маңызды рөлін атап өтті.

Лю Бинь екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен қазақ-қытай қатынастары жаңа «алтын 30 жылдықта» табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді.

Қос мемлекет басшыларының уағдаластықтарын тиімді іске асыру және практикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін Қазақстанмен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото