- Барлық ақпарат
ШҚО-да жаңа әуежайлар салу үшін орындар таңдалды
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың жұмыс сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар барысында ведомство басшысы еліміздің шығысында жаңа әуежайлар орналасатын алаңдармен танысты.
Мәселен, Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының қасында салынады. Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды.
Ал Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды.
Бастапқы кезеңде әуежайларда Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Әуе кемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына дейін әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы көбірек үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға да мүмкіндік бар.
people.cn © People's Daily Online