- Барлық ақпарат
Астанада Қытай Халық Республикасы құрылғанына 75 жыл толуына арналған шара өтті.
Астанада Қытай Халық Республикасы құрылғанына 75 жыл толуына арналған шара өтті. Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Сяоның арнайы қабылдауына ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты жиын басында екі елдің әнұраны шырқалды. Жиынға Үкімет мүшелері, шет мемлекеттерінің елшілері мен дипломаттары қатысты. Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Сяо құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
«Қытай Коммунистік партиясының берік басшылығымен Қытай әлемде сирек кездесетін қарқынды экономикалық даму мен ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылықтың «екі әлеметін» жасап, әлемдегі ең ірі өндіруші, тауар саудасы бойынша ең ірі елге, тауар тұтыну және валюта резервтері бойынша ең ірі елге және әлемде екінші орындағы экономикасы дамыған елге айналды. Қытай Коммунистік Партиясының 18-ші Ұлттық съезі Қытай ұлтының қытай үлгісіндегі модернизациямен ұлы жаңғыруын жан-жақты ілгерілетудің жаңа кезеңін бастады. Ханымдар мен мырзалар, достар! Өткен 75 жылда жүріп өткен даму жолы оңай да, тегіс болған жоқ. Қытай «күшті мемлекет міндетті түрде үстемдік етеді» деген жолмен жүрмейді және «әлсізді күшті жұтады» деген қағиданы ұстанбайтынын атап өткім келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай бейбіт даму жолымен жүруді табанды түрде жалғастырады және тең құқылы, реттелген әлемдік көпполярлы және инклюзивті экономикалық жаһандану қағидаларына белсенді түрде бастамашылық етеді», - деді Чжан Сяо.
Елші Қытай мен Қазақстан өзара дипломатиялық тұжырымдаманы ұстанатынын атап өтті.
«Қытай мен Қазақстан - өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ табысқа негізделген жақсы серіктестер. Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 41 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға өсті. Ағымдағы жылдың қаңтар- тамыз айлары аралығында екі ел арасындағы сауда көлемі 29,1 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвестицияның маңызды көзіне айналды», - деді Чжан Сяо.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қытай халқына арналған құттықтау сөзін сөйледі.
«Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына орай қытай халқына ізгі тілегімді жеткізуге рұқсат етіңіздер. Қытай елі бүгінде әлемдегі ең ірі денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелерінің озық моделін қалыптастырды. Осылайша халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік теңдік мәселелерінде жетекші елдердің алдыңғы қатарынан орын алды. ҚХР төрағасы Си Цзинпиннің дарынды саясатының арқасында бүгінде Қытай бүкіл әлемге орнықты дамудың «Ұлы қытай» арманына жету жолында табандылық пен қайсарлықтың керемет үлгісін көрсетті. Біздің еліміз Қытаймен ежелден көрші, сенімді серіктес ретінде зор құрметпен қарайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымызды жақындататын шынайы диалог пен серіктестігімізді жоғары бағалайды. Мызғымас достық пен өзара қолдаудың арқасында екіжақты ынтымақтастық бүгінгі таңда мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында жалғасын тауып келеді», - деді Роман Скляр.
people.cn © People's Daily Online