Жібек жолы археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалы ашылды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 17 қазан

Жібек жолы археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалы ашылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қытай Халық Республикасының Шәнси провинциясы, Сиань қаласындағы Жібек жолы археологиясы бойынша серіктестік ғылыми-зерттеу орталығының филиалы ашылды.

Филиал халықаралық ынтымақтастық аясында Жібек жолы бойындағы археологиялық және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында жұмыс істейтін болады.

Іс-шара барысында орталық пен музей-қорық арасында келісімшартқа қол қойылып, филиалдың ресми куәлігі табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, музейтану және археология саласының мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Филиалдың ресми ашылуына орталықтың басшысы, профессор Чжао Жун (Zhao Rong) мырза бастаған делегация арнайы барды.

«Есік» музей-қорығы құрылған күннен бастап бірнеше мемлекеттермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Сиань қаласындағы Шәнси археологиялық институтымен бірлескен ғылыми-археологиялық зерттеу жұмыстары 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото