Қазақстандағы кітапханаларда 73 млн шамасында кітап бар

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 23 қазан

Алматыда Кітапханашылар күні мерекесіне орай «Кітапхана – парасат ордасы» атты салтанатты іс-шара өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, кітапханалардың қоғамдағы рөлі мен кітапханашылардың еңбегін айрықша атады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды.

Бейнебайланыс арқылы құттықтау сөзінде министр Қазақстан кітапханашыларының алдында бүгінде орасан зор мәдени мұраны сақтау ғана емес, одан бөлек те маңызды мақсаттар тұрғанына тоқталды. Кітапханашылар осы мұраны насихаттау, оны мәдениеттің жаңа өніміне айналдыру үшін белгілі бір жаңа коммуникациялық орта құру бойынша үлкен міндеттер қоюы керек екенін айтты. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан кітапхана мамандарының білімі мен біліктілігіне айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

«Кітапхана – білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен руханияттың қасиетті шаңырағы. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы Қазақстан әр азаматы білім алуға, мәдени мұрамен танысуға, рухани байлыққа қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Қазақстанда 12 мыңға тарта кітапхана бар, оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 4 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Аталмыш көпшілікке қолжетімді кітапханаларда 9 502 кітапханашы қызмет атқаруда. Кітапханаларда жалпы саны 73 млн шамасында кітап бар. Электронды ресурстың цифрлық көшірмелері 77 мыңнан асты. Бұл Қазақстанның баға жетпес рухани байлығы. Айрықша еңбектің арқасында жыл сайын көпшілік кітапханаларды пайдаланушылар саны артып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында кітапхана қызметкерлеріне күнделікті қажырлы қызметі, ұлттық және әлемдік мұраны сақтай отырып, оқырмандарды ақпаратпен қамтамасыз етуде атқарып жатқан еселі еңбегі үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, амандық, жаңа шығармашылық табыс пен игі істеріңізге сәттілік тілеймін!» – деді Аида Балаева.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото