Харбин-2025: қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 50 медаль жиынтығына таласады

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 18 қараша

ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді деп жазды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі.

Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жарыстары жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді.

«Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына 3 айдан аз уақыт қалды. Бұл біз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль жеңіп алған. Сөйтіп жалпы командалық есепте2-орынға ие болдық. Қазақстан қысқы Азиадаға 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта біздің атлеттер 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.

Қазақстан құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) келеді. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото