Қазақстан мобильді интернеті ең арзан 10 елдің қатарына енді

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 25 қараша

Қазақстан мобильді интернеті арзан елдердің қатарына еніп, 10-шы орынға жайғасты. Бұл туралы Sputnik сайты Finprom.kz ақпаратына сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстанда бір гигабайт мобильді интернеттің орташа құны 0,59 АҚШ долларын (шамамен 300 теңге) құрады. Интернет құны ең арзан 10 елдің қатарына Қазақстаннан басқа Израиль, Қырғызстан, Италия, Бангладеш, Пәкістан, Шри-Ланка, Үндістан, Индонезия және Франция кірді.

Ал мобильді интернеті ең қымбат елдер ондығына: Швейцария, Замбия, Жаңа Зеландия, Андорра, Сейшел аралдары, Канада, Оңтүстік Корея, БАӘ, Багам аралдары және Норвегия кіреді.

Егер бір гигабайттың құны бойынша есептсе, Қазақстан тұрғындары үшін 20 ГБ мобильді интернет 11,8 АҚШ долларын (немесе шамамен 5800 теңгені) құрайды. Алайда іс жүзінде интернет пен қоңыраулар ескерілгенде, неғұрлым арзан тарифтік ұсыныстар мен қызметтер пакетін табуға болады.

Ал АҚШ-та тұрғындар үшін дәл осы 20 ГБ мобильді интернет 105,4 АҚШ долларын, Норвегияда — 106,6 АҚШ долларын, БАӘ-де — 115,2 АҚШ долларын, Оңтүстік Кореяда — 119,6 АҚШ долларын, Жаңа Зеландияда — 133,6 АҚШ долларын, Швейцарияда — 142,4 АҚШ долларын құрайды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото