Бейжіңде «Әділетті Қазақстан және Қытай арманы: заманауи даму стратегиясының мүмкіндіктері мен перспективаларын талдау» атты кітаптың тұсау кесері өтті

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 23 желтоқсан

23 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- 20 желтоқсанда Бейжіңде Қытай мен Қазақстан ғалымдары бірлесіп дайындаған «Әділетті Қазақстан және Қытай арманы: заманауи даму стратегиясының мүмкіндіктері мен перспективаларын талдау» атты кітаптың тұсау кесері өтті.

Кітапты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты басып шығарды. Кітапта Қытай мен Қазақстанның 30-ға жуық танымал ғалымдарының мақалалары бар. Шығарма «Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы бес жылдық секіріс»,«Халықаралық дағдарыстағы Қазақстан мен Қытай», «Қазақстан мен Қытай: Ағымдағы перспективалық талдау» сынды үш тарауға бөлініп, Қытай-Қазақстан қатынастарының дамуы мен болашағы жан-жақты және терең талданады.

Еңбектің алғы сөзін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, академик Серік Сейдуманов, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо және Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев жазды.

Туындының тұсау кесерінде Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев бұл кітап Қазақстан мен Қытайдың маңызды даму тұжырымдамалары мен ой-пікірлерін біріктіретінін, олардың бірі «Әділетті Қазақстан», екіншісі «Қытай арманы» екенін жеткізді. Елші бұл еңбек екі елдің ғалымдары арасындағы академиялық зерттеу ғана емес, сонымен қатар қос тарап оқырмандарының көпшілігі үшін құнды ресурс екенін баса айтты.

Қытай мемлекеттік кеңесінің Дамуды зерттеу орталығы Еуразиялық әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань бұл жұмысқа жоғары баға беріп, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы аясында Қытай мен Орталық Азия, Қытай мен Еуразия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тұрақты дамытуға қол жеткізеді деген сенімін білдірді.

Кітап авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Амребаев сұхбат кезінде Қазақстан- Қытай туралы жан-жақты түсінуі керектігін, аталмыш зерттеу еңбек қазақстандық оқырмандарға Қытайды танып-білуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ғалым жас Қазақстан Қытайдың тәжірибесін қабылдай отырып, дамуға қол жеткізсе деп күтетінін айтты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото