Қазақстанда юань валютасына сұраныс өсіп келеді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 17 қаңтар

Юань валютасына сұраныстың өсуі және оның бағамының көтерілуі жағдайы қытайлық танымал маркетплейстердегі бағаны жоғарылатуы мүмкін деп жазды ҚазАқпарат.

Finprom.kz мәліметіне қарағанда, 2024 жылғы қарашада Қазақстандағы айырбастау пункттерінің Қытай юанін сату сомасы 124 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш оның алдындағы аймен салыстырғанда 19,4%-ға, ал 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда 2 есеге аз.

Қытай валютасы бойынша «таза» сатылымның ең үлкен айлық көлемі 2024 жылы маусымда (276,1 млн теңге), ал ең азы шілдеде (5,1 млн. теңге) байқалды.

Жалпы, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында қытай юанінің таза сатылымының көлемі 1,3 млрд теңгеден асты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға көп. Айта кету керек, ай сайынғы ауытқуларға қарамастан, Қазақстанда юань валютасына деген сұраныс үшінші жыл қатарынан артып келеді.

Қазақстан Республикасының 20 өңірінің 17-сіндегі айырбастау пункттерінде Қытай юанін сатудың өсімі болды. Ең жоғары көрсеткіш Алматы (547,4 млн теңге) мен Астанада (400,3 млн теңге) белгіленді. Қомақты сома Қарағанды облысына да (126,9 млн) тіркелді.

2024 жылдың желтоқсан айындағы юаньннің ресми бағамы орташа есеппен 71,38 теңгені құрады. Алдыңғы айға қарағанда юань бағамы 3,9%-ға, ал 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 11,4%-ға өсті.

2024 жылдың төртінші тоқсанында юаньннің орташа бағамы 69,55 теңге болып, бір тоқсанда 4,4%-ға жоғарылады. Ең төменгі бағам екінші тоқсанда белгіленді – 1 юань үшін 61,82 теңге.

Атап айтқанда, 2025 жылы юань бағамының өсуі жалғасты. Бұл ретте осы көрсеткіш жыл басынан 14 қаңтар аралығында 71,94 теңгеден 72,08 теңгеге дейін өсті. Осы жағдай Қытайдан келетін тауарлардың түпкілікті құнына, яғни былтыр үлкен сұраныста болған автомобильдерге, сондай-ақ бағасы бастапқыда юаньмен белгіленетін маркетплейстердегі тауарлардың құнына әсер етуі мүмкін.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото