Қазақстан алты айға картоп экспортына шектеу енгізеді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 20 қаңтар

Қазақстанда картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті, деп хабарлайды Sputnik.

ҚР Премьер-министрінің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері Қазақстандағы картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізуде.

Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті.

Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткен. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында баға 170 теңгеден 270 теңгеге дейін күрт өскен. Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды. Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото