Қытай Орталық Азия елдерімен бірлесіп өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ниетті

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 22 қаңтар

Қытай өңір елдерімен орнатылған байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі.

Бұл туралы Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында өткен кездесуде Қытайдың Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Юй Цзюн мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Былтыр Қытай мен «Бір белдеу, бір жол» жобасына қатысушы елдер арасындағы тауар айналым 3 трлн доллардан асты. 150-ден астам мемлекетті байланыстыратын ауқымды бағдарламаның Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін маңызы зор. Ресми Астана бұл жобада Азия мен Еуропаны жалғап отырған транзиттік әлеуетке ие.

— Қытай мен Қазақстан визасыз режим енгізу шешімін Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып қабылдады. Бұл — қос мемлекет арасында өзара достық пен сенімге негізделген ынтымақтасық орнағанын айғақтайды. Біз бәріміз бір аймақта тұрмыз. Болашақ стратегиямызды байланыстыратын біріккен жобалар көп. Сондықтан біздің Қазақстанмен де, Өзбекстанмен де жалпы Орталық Азия елдерімен орнатылған байланыстың жаңа деңгейге көтерілеріне сенімдімін, — деді Қытайдың Өзбекстандағы елшісі Юй Цзюн.

Дипломатиялық миссия басшысы атап өткендей, ҚХР Орталық Азия елдерімен бірлесіп, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ниетті.

— Біз өнеркәсіптік кооперацияны ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын бағыт ретінде санаймыз. Аталған секторда бірлескен жобаларды іске асыру маңызды. Ол үшін барлық мүмкіндік пен негіз бар деп есептейміз, — деді елші.

Орталық Азия халықаралық институтының ғылыми қызметкері Шавкат Алимбековтің айтуынша, Орталық Азия елдерінің өнеркәсіптік әлеуеті зор. Ынтымақтастықты тереңдете түсу бұл бағыттағы мүмкіндікті ұтымды пайдалануға жол ашады.

— Қытай мен Орталық Азия елдерінің өнеркәсіптік әлеуеті зор. Бүгінде Өзбекстанда 3 мыңнан астам кәсіпорын қытайлық капиталмен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, ҚХР өңір мемлекеттеріне ең көп инвестиция бағыттап жатқан елдердің көшін бастап тұр. Сондықтан байланыстарды нығайту орынды деп санаймыз, — деді Шавкат Алимбеков.

Жиынға қатысушылар биыл Қазақстанда өтетін «Орталық Азия — Қытай» саммитінің маңызына да тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, мемлекет басшыларының түрлі форматтағы кездесулері елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға ерекше серпін береді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото