Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері келесі аптада айтылады

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 26 қаңтар

ҚР Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері келесі аптада айтылатынын мәлім етті деп жазды ҚазАқпарат.

— Қазір тексеру жүріп жатыр. ҚР Көлік министрлігі жанынан құрылған арнайы топ бар. Оның ішінде Қазақстанның да сапаршылары, Ресей тарапының, Бразилияның мамандары, ICAO тарапынан Нидерланд елінің бір өкілі. Қазір «қара жәшіктің» дыбыс деректерін қарап жатыр. Ұшақтың режимдерін қарап оларды сәйкестендіреді. Әрине, ол біраз жұмыс. Өйткені оны дәлелдеу үшін тексеру жасайды. Олардың дауысы ма, басқа дауыс па деген сияқты. Қай минутта, қай секундта кім не айтқанын, кімнің қандай пәрмен бергенін зерттейді,- деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, ICAO-ның стандарты бойынша әуе апатының алдын ала себептері бір айдың ішінде жариялануы керек.

— Осы мәселелердің бәрін келесі аптада бітіреді деп ойлаймын. Аяқтайтын сияқты. ICAO-ның талаптарына сәйкес бір айдың ішінде алдын ала қорытындыларды жариялау керек. Сол ұсынымдарға сүйенсек, келесі аптада Қазақстанның жауапты министрлігі тиісті ақпаратты береді,- деді Қанат Бозымбаев.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото